Буэнос-Айрес, 2025 жылғы 6 мамыр – Қазақстанның Бразилиядағы және Аргентинада қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов Аргентина Республикасына жұмыс сапары аясында Аргентинаның жаңадан тағайындалған Сыртқы істер министрінің орынбасары Эдуардо Бустаманте және Саяси директор, Елші Бетина Паскали-Фонсекамен кездесті.
Қазақстан Елшісі өз елінің Сыртқы істер министрлігі басшылығы атынан Эдуардо Бустаманте мырзаны Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің құттықтау хаты мен кезекті саяси консультацияларды өткізу үшін Астанаға шақыруы табысталды.
Келіссөздер күн тәртібінде 2023 жылғы 22 тамызда Буэнос-Айрес қаласында өткен саяси консультациялардың төртінші отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, сондай-ақ екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды. Бұған қоса, тараптар Аргентинаның Сыртқы істер министрлігінде 2024 жылғы 5 маусымда өткен екіжақты кездесудің кейбір аспектілерін талқылады.
Бұл ретте, тараптар, екіжақты күн тәртіп бойынша қойылған міндеттердің жүзеге асырылуына қатысты бірқатар жетістіктерді қанағаттанушылықпен атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылы Аргентина Парламентінде «Қазақстан-Аргентина» парламенттік достық тобының құрылуы мен 2024 жылғы 18 желтоқсанда қазақстандық әріптестермен алғашқы бірлескен онлайн отырысының өткізілуі. Сонымен қатар, биыл «Қазақстан ет одағы» және «Аргентиналық ұлттық сиыр етін ілгерілету институтының» тең төрағалығымен «Қазақстан-Аргентина» Іскерлік кеңесінің құрылуы.
Осыған байланысты Елші, Аргентинаның Сыртқы істер министрлігі басшылығын 2025 жылғы 7 мамырда Буэнос-Айрес қаласында өтетін Іскерлік кеңестің құрылтайшылары арасында тиісті меморандумға қол қою рәсіміне және кеңестің алғашқы отырысына қатысуға шақырды. Бұдан бөлек, тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың бесінші отырысына қатысты кейбір мәселелерді талқылады.
Қазақстан Елшісі көпжақты ынтымақтастық аясында Аргентина тарапына Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Алматыда орналасатын БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығын құру туралы қарарды қолдағаны үшін алғысын білдірді.