Қазақстан мен Бразилия арасындағы ғылыми диалогты дамыту

Қазақстан мен Бразилия арасындағы ғылыми диалогты дамыту

2025 жылғы 30 сәуір, Рио-де-Жанейро қаласы — Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин БРИКС-ке мүше және серіктес мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу мақсатында Бразилия Федеративтік Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Латын Америкасының жетекші сараптамалық орталықтарының бірі — Жетулиу Варгас қорының (FGV) президенті Карлос Симонсен Леалмен кездесті.

Кездесу барысында Министрдің бірінші орынбасары әңгімелесін Қазақстандағы қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму барысымен, ел басшылығы жүргізіп жатқан реформалар аясында таныстырды. Сонымен қатар, әлемдегі саяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі басымдықтарын атап өтті.

Келіссөздерде Жетулиу Варгас қорының тек Латын Америкасы ғана емес, бүкіл әлемдегі беделді академиялық және сараптамалық институттардың бірі ретіндегі маңыздылығы атап өтілді. Қор Бразилияның интеллектуалдық және білім беру әлеуетін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі мен халықаралық деңгейдегі мойындалуы арқылы ерекшеленеді.

Осы тұрғыда, қазақстандық дипломат елде де Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саясатты зерттеу институты сияқты беделді сараптамалық құрылымдар бар екенін атап өтті.

Қазақстан мен Бразилия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дәйекті дамуы және ғылыми алмасу әлеуетінің жоғары болуын ескере отырып, екі елдің ғылыми-зерттеу орталықтары арасында әріптестік байланыс орнату, оның ішінде тиісті Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кездесу соңында тараптар ғылыми және сараптамалық диалогтың одан әрі дамуы екіжақты байланыстарды нығайтуға және саясаттану, сараптамалық және озық тәжірибелер саласындағы білім алмасуға ықпал ететініне сенім білдірді.