Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 30 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, БРИКС мүше және серіктес мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысу үшін Бразилия Федеративтік Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Бразилияның халықаралық қатынастар орталығының (CEBRI) Президенті Жулия Диас Лейтимен кездесу өткізді.
Сұхбат барысында халықаралық күн тәртіп пен екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Қазақстандық дипломат Бразилияның халықаралық күн тәртібін қалыптастыруға және диалог пен халықаралық ынтымақтастық идеяларын ілгерілетуге белсенді жәрдемдесіп жүрген CEBRI-дің маңдайалды әрі тәуелсіз талдамалық орталық ретіндегі жоғары беделін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Қазақстанның ұқсас зерттеу мекемелерінің, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының жұмысымен бразилиялық тарапты таныстырды.
Қазақстан мен Бразилия арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастығының орнықты дамуын, сондай-ақ академиялық ықпалдастық үшін қолда бар әлеуетті ескере отырып, тараптар, екі елдің салалық зерттеу орталықтары арасындағы серіктестікті орнату мүмкіндігін талқылады.
Анықтамалық: 1998 ж. құрылған CEBRI, штаб-пәтері Рио-де-Жанейрода орналасқан тәуелсіз және коммерциялық емес талдамалық орталығы болып табылады. Орталық, сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастық саласындағы білімді тереңдете, сондай-ақ ғаламдық даму тұрғысында мемлекеттік саясаттың қалыптасуына ықпал ете отырып, Бразилияның халықаралық сахнадағы рөлін нығайтуға белсенді жәрдемдесуде. CEBRI, Латын Америкасының жетекші талдамалық мекемелерінің қатарына кіреді.
CEBRI консультативтік кеңесі өзіне дипломатиялық корпустың көрнекі өкілдерін, бұрынғы министрлерді, бизнес көшбасшылар мен халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшыларды қосады.
CEBRI, Chatham House (Ұлыбритания), Council on Foreign Relations (АҚШ) және Fundação Getulio Vargas (FGV, Бразилия) тәрізді мекемелерді қоса алғанда, кең халықаралық серіктестер жүйесімен байланысты. Сондай-ақ, Орталық орнықты даму, климат өзгерісімен күрес, цифрлық трансформация мен халықаралық қауіпсіздік мәселелерге арналған ғаламдық бастамаларға белсенді қатысып жүр.