Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 29 сәуір – 2025 жылғы 28–29 сәуір аралығында Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан БРИКС-ке мүше және серіктес елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Көпұлтты Боливия Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Селинда Соса Лунда ханыммен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртіптегі өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан мен Боливия арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеттілігін растады. Саяси диалогты кеңейту және БҰҰ, ДСҰ және олардың өңірлік құрылымдары тәрізді халықаралық алаңдардағы ықпалдастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастыққа, соның ішінде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективаларына қатысты нақты мәселелер талқыланды.
Селинда Соса, екі елді жақындастыратын, әсіресе халықаралық оқиғаларға көзқарас тұрғысынан ортақ ұстанымдардың көпшілігін атап өтті. Ол Боливияның жаһандық ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді.
Тараптар, жұмыс байланыстарын сақтауға және алдағы уақытта екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар тетігін қалыптастыруға уағдаласты.