Қазақстан мен Бразилия саяси диалогты және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Бразилия саяси диалогты және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда

Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 29 сәуір — БРИКС-ке мүше және серіктес елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Федеративтік Республика Бразилия  Сыртқы істер министрінің Африка және Таяу Шығыс аймағы жөніндегі орынбасары Карлос Сержио Дуартемен кездесті.

Ақан Рахметуллин Бразилия тарапына БРИКС аясындағы іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны және жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, шілде және қараша айларында Рио-де-Жанейро мен Белен қалаларында өтетін БРИКС Саммиті мен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 30-шы конференциясын (COP30) сәтті өткізуге тілектесті.

Кездесу барысында тараптар, екіжақты күн тәртіптегі кең ауқымды мәселелерді, жаһандық және өңірлік саясатты, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы ынтымақтастықты, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы бастамалар мен кандидатураларды өзара қолдау мәселелерін талқылады.

Қазақстан тарапы «Орталық Азия – Бразилия» диалогы форматын құру туралы бастаманы қолдады. Мұндай алаң екіжақты қатынастарды ғана емес, сонымен қатар өңіраралық ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін бере алады. Әңгіме барысында Орталық Азия өңірінің зор экономикалық және ресурстық әлеуетке ие екені атап өтіліп, бұл әлеуетті бразилиялық компаниялар, өңірдегі қатысуын кеңейту үшін тиімді пайдалануға мүмкіндігі жеткізілді.

Тараптар, екіжақты саяси диалог пен экономикалық серіктестікті жандандырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттарда жоғары және аса жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру, парламенттік дипломатияны дамыту, сондай-ақ «Қазақстан–Бразилия» іскерлік кеңесінің қолдауымен сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында тараптар, бірқатар екіжақты құжаттарды жедел пысықтап, келісу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Бразилиядағы Қазақстанның Құрметті консулдары институтының кеңеюі оң бағаланды.

Кездесу соңында делегация басшылары Қазақстан мен Бразилия арасындағы қарым-қатынастың оң динамикасына қанағаттанушылық білдіріп, екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында тұрақты және сындарлы диалогты жалғастыруға әзірліктерін растады.