Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 29 сәуір – Бразилияның төрағалығымен БРИКС-ке мүше және серіктес елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Кездесу, Бразилияның төрағалығы кезіндегі «Ғаламдық Оңтүстік елдерінің ынтымақтастығын нығайту арқылы инклюзивті және орнықты басқаруға қол жеткізу» ұранымен өткен басымдықтар аясында ұйымдастырылды. Негізгі назар Ғаламдық Оңтүстіктің ықпалдастығын дамытуға және БРИКС елдерінің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық салалардағы серіктестігін нығайтуға аударылды.
Кеңейтілген отырысқа ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысты.
Ақан Рахметуллин өз сөзінде қазіргі геосаяси сын-қатерлердің, санкциялық қысым мен реформаларды қажет ететін дәстүрлі халықаралық институттарға сенімнің төмендеуінің тұсында Ғаламдық Оңтүстік елдерінің жаңа тұрақты даму архитектурасын қалыптастыру және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлінің айтарлықтай артып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстандық дипломат БҰҰ Бас Ассамблеясының
78-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті әлем мен үйлесім жолындағы жаһандық бірлік» тұжырымдамасының өзектілігін атап өтті. Ол Ғаламдық Оңтүстік пен Ғаламдық Солтүстік арасындағы бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікті нығайту мүддесінде сындарлы және әділ ықпалдастықтың қажеттігін алға тартты.
Цифрлық трансформация мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрдің Бірінші орынбасары «Цифрлық күн тәртіп – 2030» бастамасын сәтті іске асыру үшін озық технологияларға тең және әділ қолжетімділік қажет екенін атап өтті. Жасанды интеллекттің қарқынды даму тұсында Қазақстан технологиялық жағынан дамыған елдерді оны бейбіт және жауапты түрде қолдануды қамтамасыз ететін ортақ этикалық нормалар мен стандарттарды әзірлеуге шақырды.
Осыған байланысты Қазақстанда Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының ашылғаны жарияланды. Бұл орталық ғылым, өнеркәсіп, креативті индустриялар мен мемлекеттік басқару салаларында ЖИ дамытуға және оның экожүйесін қалыптастыруға, инвестициялар тартуға және стартаптарды қолдауға бағытталады.
Қазақстандық делегация басшысы сөз соңында экологиялық мәселелермен күрес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аштық пен кедейлікті жоюға бағытталған бастамаларға қолдау білдірді.