Рио-де-Жанейро, 2025 ж. 28 сәуір – ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин өзінің Бразилияға жасаған жұмыс сапары барысында Бразилияның бірқатар компаниялары және экономикалық қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен «Бразилия-Қазақстан: инвестициялық және сауда мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Қазақстандық дипломат өз сөзінде кездесу қатысушыларын еліміздің қазіргі саяси-экономикалық дамуымен және ҚР Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың басшылығымен іске асырылып жатқан реформалармен таныстырды. Сондай-ақ, ол Қазақстан-Бразилия екіжақты қарым-қатынастарының негізгі аспектілеріне тоқтала келе, Қазақстан экономикасының бразилиялық инвестицияларға ашықтығына, сауда-саттықты кеңейтуге, бірлескен кәсіпорындар құруға, Бразилия тауарларының көршілес нарықтарға шығуы үшін ҚР көлік-логистикалық мүмкіндіктерін пайдалануға, сондай-ақ еліміздің барлық инвестициялық заңнамасына басты назар аударды.
Осы тұрғыда А.Рахметуллин жергілікті іскер топтарды Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) және «QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қолдауымен 2021 жылы құрылған Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға шақырды.
Кездесуде Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, «Қазақстан – Бразилия» Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Касиано Виано және Қазақстанда жұмыс істейтін бразилиялық компаниялардың өкілдері баяндамалар жасады.
Шара барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Америкадағы ресми өкілі Марат Бірімжан Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен шетелдік инвестицияларды мемлекеттік қолдау шараларымен таныстырып, Қазақстан мен Бразилия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың басымдықтарын атап өтті.
Шара барысында «Бразилия-Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасы мен «Athino Advisor» консалтингтік компаниясы арасында Қазақстан мен Рио-де-Жанейро штаты арасындағы экономика, сауда, туризм, мәдени және академиялық алмасу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейтін «RioKaz Connections» платформасын құру туралы меморандумға қол қойылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша А.Рахметуллин бірқатар бразилиялық компаниялардың басшылығымен келіссөздер жүргізіп, Рио-де-Жанейро штатының басшылығын Қазақстанға экономикалық миссиямен келуге шақырды.