Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

 Бразилиа, 2025 жылғы 22 сәуір - Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіповтың «Áthino Advisors» компаниясының негізін қалаушы, инвестор және Бразилиялық «SYG BioEnergia» компаниясының консультативтік кеңесінің мүшесі Густаво Хосе Пиментель Сардиньямен онлайн-кездесуі өтті.

Келіссөздердің күн тәртібіне Рио-де-Жанейро штатымен жасыл энергетика, аспап жасау, ауыл шаруашылығы, экология, туризм және сауда саласында ынтымақтастық орнату мәселелері енді.

Қазақстан Елшісі әңгімелесушіні Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырып, оны алдағы 28 сәуірде Рио-де-Жанейрода өтетін «Қазақстан және Бразилия: сауда, экономика және инвестициялар саласындағы кооперация мүмкіндіктері» тақырыбындағы Дөңгелек үстелге қатысуға шақырды.

 Густаво Сардинья өз кезегінде, Елшіні өз компаниясының өзара қызығушылық тудыруы ықтимал бірқатар экономикалық жобаларын жүзеге асыруы жайлы хабардар етті. Әңгімелесушінің Бразилиядағы «PwC» халықаралық компаниясының аудиторы ретіндегі 20 жылдық тәжірибесін және елдің бизнес-қоғамдастығындағы кең байланыстарының болуын ескере отырып, инвестициялық бағытта тығыз ынтымақтастық жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.