Эквадормен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Эквадормен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бразилиa, 2025 жылғы 15 сәуір - Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіповтың еліміздің Кито қаласындағы Құрметті консулы, Эквадордың құрылыс индустриясы палатасының президенті және Іскерлік комитетінің басшысы Леопольдо Фернандо Окампо Андраде мырзамен онлайн-кездесуі өтті.

Тараптар, экономика, сауда, білім және мәдениет саласындағы Қазақстан-Эквадор ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады. Құрметті консул өзара қызығушылық тудыруы мүмкін бірқатар экономикалық жобаларды ұсынды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Елшісі әңгімелесушіні екі маңызды оқиғамен–Эквадор Президенті Даниэль Нобоаның қайта сайлануымен және Л.Окампоның Эквадордағы Қазақстанның Құрметті консулы ретіндегі қызметінің ресми басталуымен құттықтады.

Әңгіме барысында биыл екі ел арасында СІМ-аралық саяси консультациялардың бірінші раундын өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір алмасу өтті. Осы тұрғыда тараптар, ҚР Елшісі Эквадор астанасы – Кито қаласына елдің және сыртқы істер министрлігінің жаңа басшылығымен кездесулер өткізу, сондай-ақ Құрметті консулдықтың ресми ашылуы үшін биыл бару мүмкіндігін қарастырды.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Эквадор Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы (Бразилия мен Уругвайдан кейін) үшінші сауда серіктесі болды. Өзара сауда көлемі 92,1 млн. долл. құрады (экспорт 183 мың және импорт 91,9 млн.). Эквадордан Қазақстанға гүлдер, теңіз өнімдері, банан, техникалық жабдықтар мен киімдерді импорттайды. Эквадорға қазақстандық экспорттың негізгі баптары ферроқорытпалар мен күкірт болып табылады.