Бразилиа, 2024 жылғы 11 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай және «Бразилиядағы қазақ кітапханасы» жобасы аясында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» - «Хан Кене» трилогиясының қорытынды томының бразилиялық басылымының тұсаукесері өтті. Бірінші том - «Алмас Қылыш» бразилиялық жұртшылыққа 2022 жылы таныстырылса, екінші том - «Жанталас» 2023 жылы таныстырылды. Сонымен қатар, іс-шара барысында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» тарихи көркем фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Іс-шараны «Қазақстан-Бразилия» достық форумы және Бразилия қаласының Ұлттық кітапханасының қолдауымен Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі ұйымдастырды. Іс-шараға Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, академиялық және мәдени мекемелердің өкілдері, сондай-ақ жергілікті БАҚ қатысты.
Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов өзінің алғы сөзінде Ілияс Есенберлиннің әдеби мұрасындағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихының негізгі кезеңдері туралы баяндап, «Көшпенділер» трилогиясының қазақ әдебиетіндегі ерекше орнын атап өтті. Қазақстандық дипломат І.Есенберлин өз шығармасында ұлттық әдебиеттік нақышта алғаш рет ұзақ тарихи кезеңдегі қазақтардың тарихын көркемдік тұрғыдан зерделегенін басып айтты.
Бразилиялық қатысушылар алғашқы қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихына қызығушылық танытып, шығарманың дала өркениеті мен ұлттық бірегейліктің қалыптасуын сипаттайтын сол заманның рухын жеткізетінін атап өтті. Сондай-ақ, олар Ілияс Есенберлин шығармашылығының Қазақстан тарихындағы маңыздылығы, қазақ әдебиетінің дамуындағы ерекше рөлі және ұлттық сана мен патриотизмге оның шығармаларының әсері жайлы пікірлерімен бөлісті.
Іс-шарада «Қазақстан - Бразилия» достық форумының Атқарушы директоры Эдельсио Америко (кітаптың португал тіліне аудармасының авторы), Ұлттық кітапхананың директоры Марменья Росарио, Бразилия Планетарлық Одағының Президенті Улиссис Ридель де Резенде, Хатшының мәдениет пен креативті экономика жөніндегі орынбасары Фелипе Рамон қошемет сөздерін айтты.