Монтевидеода Қазақстан-Уругвай саяси консультацияларының бірінші отырысы өтті

Монтевидеода Қазақстан-Уругвай саяси консультацияларының бірінші отырысы өтті

Монтевидео, 2024 жылғы 7 мамырУругвай астанасында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен Шығыс Уругвай Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Николас Альбертони Гоместің тең төрағалығымен Қазақстан-Уругвай саяси консультацияларының бірінші отырысы өтті.

Келіссөздер барысында делегация басшылары отырыс қатысушыларын өз елдері мен өңірлерінің саяси және экономикалық дамуының өзекті аспектілерімен таныстырып, сондай-ақ жаһандық күн тәртіп пен көпжақты алаңдардағы ықпалдастықтың аса өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Бұл ретте ядролық қаруды таратпау, қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, әлемдік сахнада жаңартылмалы энергия көздерін пайдаланудың танымалдылығын жоғарылату саласындағы Қазақстанның ғаламдық бастамаларының маңыздылығы атап өтілді.

Саяси диалогты нығайту тұрғысында жоғары және жоғарғы деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру мен екі ел парламенттерінің қос палатасында депутаттық достық топтарын құру арқылы парламентаралық байланыстарды нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Тараптардың пікірінше, бұл шаралар екіжақты ынтымақтастықтың барлық ауқымына қуатты серпін беруге және жаңа көкжиектерді белгілеуге мүмкіндік жасайды.

Экономикалық бағытта кездесуге қатысушылар, тауар айналымының ағымдағы көрсеткіштері екі елдің әлеуетіне сәйкес келмеуіне орай, өзара сауданы жандандыру және әртараптандыру қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ, күн тәртіпке визалық режимді жеңілдету және өзара іскерлік миссияларды ұйымдастыру мәселелері де кірді.

Тараптар «Уругвай–Қазақстан» парламенттік достық тобының құрылуын, сондай-ақ Монтевидео қаласында Қазақстанның тұңғыш Құрметті консулдығының құрылуын құптады.

Саяси консультациялардың қорытындысы бойынша екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. «Қазақстан–Уругвай» саяси консультацияларының екінші отырысы келесі жылы Астанада өтеді деп жоспарланды.