Монтевидео, 2024 жылғы 7 мамыр – Уругвай астанасына сапары барысында ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Латын Америкасының энергетикалық ұйымы (OLADE) Бас хатшысының орынбасары Фитжеральд Кантеро Пиалимен, сондай-ақ Латын Америкасының интеграция қауымдастығы (ALADI) Бас хатшысының орынбасары Бенхамин Бланкомен келіссөздер жүргізді.
OLADE басшылығымен кездесу барысында Қ.Омаров сұхбаттасушыны Қазақстанның қазіргі энергетикалық саясатымен және өңірдің көлік-логистика саласының әлеуетімен таныстырды. Тараптар Қазақстанның Латын Америкасы елдерімен сауда-экономикалық және энергетикалық ықпалдастығының негізгі мәселелерін, сондай-ақ еліміздің ұйымға бақылаушы ретінде қосылу ұсынысын талқылады.
Әңгіме соңында диалогты жалғастыру және сарапшылар деңгейіндегі жұмыс байланыстарын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қ.Омаров өз кезегінде OLADE басшылығын Астанада өтетін Еуразиялық энергетикалық форумға қатысуға шақырды.
Анықтама: OLADE энергетика саласындағы ынтымақтастық, үйлестіру және техникалық сараптаманың үкіметаралық органы болып табылады. Ұйым 1973 жылы құрылған және Латын Америкасы мен Кариб теңізі мемлекеттерінің 27 мүшесі бар.
Сол күні Қайрат Омаров Латын Америкасының интеграция қауымдастығы (ALADI) Бас хатшысының орынбасары Бенхамин Бланкомен кездесті.
Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстанның ағымдағы дамуымен, сондай-ақ біздің еліміздегі инвестициялық ахуалмен таныстырды. Бұл ретте тараптар, 2018 жылы қол қойылған ЕАЭО мен МЕРКОСУР арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның екі өңір үшін практикалық маңыздылығын атап өтті.
Тараптар, өңірлердегі маңызды халықаралық іс-шараларға өзара шақыра отырып, ресми және сарапшылар деңгейіндегі байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Анықтама: ALADI 1980 жылы құрылған, Штаб-пәтері Китода орналасқан. Қазіргі уақытта оның құрамына Латын Америкасының 13 елі кіреді.