Монтевидеода Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуы жоспарлануда

Монтевидеода Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуы жоспарлануда

Монтевидео, 2024 жылғы 6 мамыр - Уругвай тарапының шақыруымен ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Қайрат Омаров Қазақстанның Монтевидеодағы тұңғыш Құрметті консулдығының болашақ кеңсесіне барды. Қазақстан делегациясының құрметіне Уругвайдағы Қазақстанның Құрметті консулдығына үміткер Мартин Алехандро Сока атынан ресми қабылдау берілді. Іс-шараға Уругвай Парламентінің сенаторы Маркос Метоль Састре, болу елінің қоғамдық-саяси, іскер топтары мен мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Қ.Омаров өзінің алғы сөзінде Уругвай Қазақстан үшін Латын Америкасында негізгі саяси және экономикалық әріптестердің бірі болып табылатынын және оның астанасында еліміздің ресми өкілдігінің болуы, Қазақстан-Уругвай қатынастарына ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша, әсіресе саяси диалогты нығайтуда қуатты серпін беруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат қатысушыларға екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытқандары үшін алғысын білдірді.

 Анықтама: Уругвай Оңтүстік Американың ең дамыған мемлекеттерінің бірі. Дүниежүзілік Банктің деректері бойынша 2023 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 22,4 мың АҚШ долларын құрады. Уругвай экономикасы ауылшаруашылық өнімдерінің экспортына, әсіресе мал шаруашылығына бағытталған. Монтевидео сауда порты МЕРКОСУР-ға мүше мемлекеттердің маңызды көлік-логистикалық орталықтарының бірі болып табылады.