Буэнос-Айрес, 2023 жылғы 10 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Бразилиядағы және Аргентина Республикасында қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов Мемлет басшысының тапсырмасы бойынша Аргентина Республикасының сайланған Президенті Хавьер Милейдің салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысты.
Бұдан бұрын, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Хавьер Милей атына сайланумен құттықтау хатын жолдап, онда Астана Буэнос-Айреспен саяси диалогты және сауда-экономикалық қатынастарды тереңдетуге мүдделі екені аталып өтілген.
«Каса Росада» президент сарайында өткен салтанатты жиынға Оңтүстік Американың бірқатар елдері басшыларымен қатар, АҚШ, Еуроодақ, халықаралық және өңірлік ұйымдардың жоғары деңгейлі өкілдері, сондай-ақ Аргентина Республикасында аккредиттелген дипломатиялық миссиялар жетекшілері қатысты.
Қазақстандық дипломат, өзінің Буэнос-Айрес қаласына жасаған сапары аясында Аргентинаның іскерлер қауымы өкілдерімен кездесулер өткізіп, олардың барысында Президент Қ.К. Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша Конституциялық реформасының негізгі бағыттарымен, сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағытының қағидаттарын айқындаған «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына қыркүйектегі жолдауымен таныстырды.
Бұл ретте, ҚР Елшісі Қазақстан мен Аргентина арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту маңыздылығын атап өтіп, Қазақстандағы тартымды инвестициялық климатты және ЕАЭО, ҚХР және Орталық Азия елдерінің нарықтарына шығу мүмкіндігін ескере отырып, екі елдің ағымдағы сауда-инвестициялық ынтымақтастығын кеңейту әлеуетіне аргентиналық бизнесмендердің ерекше назарын аударды.
Ағымдағы жылы Қазақстан мен Аргентина дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуының 30 жылдығын атап өтті. Тамызда Буэнос-Айрес қаласында екі елдің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде кезекті саяси консультациялар өткізілді.