Буэнос-Айрес, 21 тамыз 2023 ж. – Аргентинаға жұмыс сапарының бірінші күні Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Росарио қаласындағы Қазақ мәдени орталығының директоры - Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі Ирина Вагнермен және Росарио қаласындағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы Густаво Гутиерреспен әңгімелесу барысында Аргентинамен, атап айтқанда аргентиналық Росарио өңірімен мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Қайрат Омаров еліміздің саяси жүйесін қайта жаңғыртуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы таныстырып, сондай-ақ қонақтарды биылғы жылдың сәуір айында Астанада «Әділ Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» ұранымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі мен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясының қорытындыларымен таныстырды. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат Ирина Вагнерге Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі ретіндегі жұмысына белсенді қатысып отырғаны үшін алғысын білдірді.
Қазақстанның Росарио қаласындағы Құрметті консулдығының қызметіне қатысты Қазақстанның Аргентина өңірінің әлеуетті бизнес-топтарымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын арттырудың, сондай-ақ екі елдің университеттері арасында академиялық және ғылыми алмасуды орнатудың маңыздылығы атап өтілді. Аргентиналық тарап әңгімені жалғастыра отырып, Қазақстанның елшілігімен оларды жүзеге асырудағы қолдауы мен тығыз өзара іс-қимылы үшін алғысын білдіре отырып, болашаққа арналған ағымдағы басымдықтар мен жоспарлармен таныстырды.
Жалпы, И.Вагнер мен Г.Гутиеррестің Қазақстанның Аргентинадағы имиджін ілгерілету, еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріптеу жөніндегі қызметін жоғары бағалай отырып, Қайрат Омаров аргентиналық достарына екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарында одан әрі табыс тіледі.
Анықтама: Росарио қаласындағы Қазақ мәдени орталығы бүгінгі күнге дейін Оңтүстік Америкадағы осындай жалғыз ұйым болып табылады. Орталық Қазақстанның елдік тұсаукесерлерін және қазақ тілін оқытуды, сондай-ақ Росарио қаласының орталық алаңында жыл сайын ҚР Мемлекеттік туын көтеруді тұрақты түрде өткізеді. Орталық пен құрметті консулдықтың күш-жігерінің арқасында 2021 жылы қалада Абай Құнанбайұлы көшесі мен Қазақстан Республикасының алаңы ашылды. 2022 жылдың тамыз айында Буэнос-Айрес қаласында И. Вагнер Қазақстан Халқы Ассамблеясының қоғамдық наградасы – «Бірлік»алтын медалімен марапатталды.
Кездесу соңында Қазақстан-Аргентина қатынастарын дамыту және нығайту ісіне қосқан үлесі үшін ҚР Құрметті консулы Г.Гутьерреске «Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің 30 жылдығы» медалі табысталды.
Белгілі экономист, Бразилияның сыртқы сауда жөніндегі бұрынғы Мемлекеттік хатшысы және «BMJ» халықаралық компаниясының директоры Уэлбер Барралмен келіссөздер барысында әлемдік экономиканың, Оңтүстік Америкадағы интеграциялық процестердің және Қазақстанның Латын Америкасы өңірімен сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің кең ауқымды мәселелері бойынша пікір алмасты.
Анықтама: «BMJ» компаниясы Латын Америкасы мен Таяу Шығыс елдерінің сыртқы сауда саласындағы жетекші консалтингтік компанияларының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта ол МЕРКОСУР мүше елдер шеңберіндегі аймақтық экономикалық жобаларға белсенді қатысады.
Қазақстандық дипломат өз кезегінде сұхбаттасушыны Қазақстанның жетекші халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен ынтымақтастығының басымдықтарымен таныстырды, сондай-ақ Қазақстан экономикасына тартылатын шетелдік инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары және еліміздің халықаралық саудаға қатысуын кеңейту жоспарлары туралы айтты.
Өз тарапынан Бразилиялық тарап Оңтүстік Америкадағы экономикалық жағдайдың дамуы туралы, сондай-ақ МЕРКОСУР, УНАСУР және СЕЛАКТЫҢ көпжақты бірлестігі аясында өзінің көзқарасы мен болжамдарымен бөлісті. Өзара қызығушылық тудырған жеке аспект БРИКС-ті кеңейту және осы бірлестіктің институттарымен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау болды. Тараптар Қазақстан мен өңір елдері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін екіжақты негізде де, көпжақты форматта да үлкен әлеуеттің бар екенін атап өтті.
Кездесу соңында Қайрат Омаров сұхбаттасушыға «Қазақстан-Бразилия» Достық форумының қамқоршылық кеңесінің құрамында және Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің жұмысы шеңберінде Қазақстанның Бразилиямен екіжақты ынтымақтастығын кеңейту процесіне белсенді қатысқаны және қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Аргентина - Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары К. Омаровтың Оңтүстік Америка елдеріне саяси консультациялар өткізу үшін жасаған сапары аясында келген алғашқы ел. Биыл Қазақстан Аргентина, Бразилия және Чилимен дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде.