Бразилиа, 2023 жылғы 23 ақпан – Қазақстанның Оңтүстік Америка өңірі үшін инвестициялық және сауда мүмкіндіктерін таныстыру және ынтымақтастық жолдарын талқылау мақсатында Қазақстан Елшілігінде Аргентина, Чили, Боливия, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай және Эквадор дипломатиялық миссияларының басшыларының, сондай-ақ Бразилия Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің қатысуымен Дөңгелек үстелі өтті. Бұл кездесулер елдеріміз арасындағы байланыс пен өзара іс-қимылдың маңызды арналарының бірі болып табылады.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстанның қазіргі дамуымен, соның ішінде сайлау үдерісімен, тау-кен өнеркәсібі, аспап жасау, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында аймақ елдерімен экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларымен танысты. Бұл тұрғыда өңірдің «WEG» (Бразилия) және «ME Elecmetal» (Чили) сияқты компанияларының Қазақстандағы инвестициялық ниеттері оң мысал ретінде аталды.
Кездесу барысында оңтүстік америкалық дипломаттарға Қазақстанның сауда-экономикалық, транзиттік-көлік және инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ қазақстандық экспорттың мүмкіндіктері егжей-тегжейлі таныстырылды. «Kazakh Invest» ҰК өкілі Ғалымжан Матаев инвестициялық саясаттың басымдықтары, инвестициялық климатты жақсарту бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар және әлеуетті инвесторлар үшін қолдаудың жаңа құралдары туралы айтып берді.
Отырыстың күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық және академиялық алмасуларды кеңейту мәселелері де болды. Атап айтқанда, қазақстандық мамандарды Оңтүстік Америка өңіріне кәсіби бейімдеумен және португал және испан тілдерін білумен оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Табысты мәдени ынтымақтастықтың үлгісі тұрғысынан Флюминенсе федералды университетінің (Рио-де-Жанейро қаласы) Азиялық зерттеулер орталығында Қазақ тілі мен Қазақстанды зерттеудің онлайн–курстарының ашылуы, сондай-ақ өткен жылы «Қазақстан – Бразилия» және «Қазақстан-Чили» Достық қоғамдарының құрылуы аталды. Бұдан басқа, Қазақстан өңірлері мен Оңтүстік Америка елдері арасында бауырластық байланыстар орнатудың орындылығы атап өтілді. Қазіргі уақытта Алматы–Росарио (Аргентина) қалаларының, сондай-ақ Бразилияның Баия штатының Қазақстанның Қарағанды облысымен бауырластығы белгіленді.
Өз кезегінде, Оңтүстік Америка елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары Қазақстанның экономикалық әлеуетін жоғары бағалай отырып, біздің еліміздегі саяси процестерге үлкен қызығушылық танытты. Дөңгелек үстелге қатысушылар екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ оған қажетті жәрдем көрсетуге дайын екендіктерін растады. Тараптар биыл Бразилиямен, Аргентинамен, Чилимен және Уругваймен дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай нақты нәтижелерге қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті.