Бразилияда БҰҰ моделі ұйымдастырылды

Бразилияда БҰҰ моделі ұйымдастырылды

Бразилиа, 2022 жылғы 5 қазан – Бразилияның Ғылым, технология және инновациялар министрлігі мен Әскери колледж жүйесінің бастамасымен елінің астанасында «Білімнің жаһандық сын-қатерлері» атты симпозиум өтті. Шара аясында БҰҰ моделі, ғылыми жәрмеңке, жалпы оқу бағдарламасы бойынша викторина, робототехника мен математикадан олимпиадалар өткізілді.

Біріккен Ұлттар Ұйымы моделі аясында Қазақстан атынан Бразилияның ең ірі штатының (Минас Жерайс, Белу-Оризонти қ.) әскери колледжінің студенттері қатысты. Шара барысында қатысушылар Қазақстанның БҰҰ-дағы қызметін таныстырып, еліміздің Ұйым аясындағы халықаралық бастамалары туралы айтты. Елшіліктің қолдауымен симпозиумның бразилиялық қатысушылары Бразилия тәуелсіздігінің 200 жылдығына арналған халықаралық көрмеге де қатысып, Қазақстанның мәдениеті мен әдет-ғұрпын, ұлттық киімдері мен тағамдарын ұсынды.

Бразилиялық әскери колледж жүйесі бүкіл ел бойынша 15 мыңнан астам студенті бар 14 оқу орнын біріктіреді. Іс-шараға Бразилияда аккредиттелген бірқатар шет мемлекеттердің Елшіліктері қатысты.