Қазақстан мен Чилидің мәдени ынтымақтастығы кеңеюде

Қазақстан мен Чилидің мәдени ынтымақтастығы кеңеюде

Бразилиа, 2022 жылғы 28 қыркүйек – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов чилилік танымал түрколог Марсия Алехандра Кастро Сепулведамен онлайн форматта кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар екі елдің мәдени сан алуандығы туралы ақпарат алмасып, Чилиде Қазақстан достары қауымдастығын құру, бірлескен жобаларды іске асыру және тілдік курстарды ұйымдастыру арқылы мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстандық дипломат өз кезегінде сұхбаттасушыны Рио-де-Жанейродағы Флюминенсе Федералды университеті жанындағы қазақ тілін оқыту және елтану бойынша ұқсас курстардың басталғаны туралы, сондай-ақ осы жылдың қараша айында «Бразилиядағы Қазақ кітапханасы» жобасын іске қосу аясында Ілияс Есенберлиннің португал тіліндегі «Көшпенділер» трилогиясының бірінші томының таныстырылымы туралы хабардар етті.

Анықтама: Марсия Алехандра Кастро Сепульведа испан, ағылшын, француз, түрік, қазақ, орыс және португал тілдерін біледі. Қазіргі уақытта ол «түркология» мамандығы бойынша Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің докторанты.

Ол фейсбуктің (Casa de Asia Central – Орталық Азия Үйі) латынамерикалық сегментіндегі Орталық Азия туралы ең үлкен беттің әкімшісі болып табылады. Парақта 10 мыңнан астам жазылушы бар. Сондай-ақ, испан тілінде сөйлейтіндер үшін қазақ тілінен сабақ береді және Димаш Құдайбергеннің «Dimash Latin Dears» атты латынамерикалық фанклубына белсенді қатысады.