Қазақстан мен Бразилияның аграрлық саладағы ынтымақтастығы кеңеюде

Қазақстан мен Бразилияның аграрлық саладағы ынтымақтастығы кеңеюде

Бразилиа, 2022 жылғы 15 тамыз – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов «Campo Group» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында еліміздің қолайлы инвестициялық ахуалы, әсіресе АӨК саласындағы шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау және қорғау шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып, қазақстандық кәсіпорындармен тікелей байланыс орнату ұсынылды. Бұл үшін биылғы 15 қыркүйекке жоспарланған «Қазақстан мен Бразилия: сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және ғылыми ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер» тақырыбында бейнеконференция форматындағы Бірінші Аграрлық бизнес-форум жақсы платформа ретінде көрінеді.

Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Бразилия арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктері мен жолдарын талқылады. Қазақстандық дипломат компания басшылығын өткен жылы құрылған «Qazindustry» және «CNI» тең төрағалығымен «Қазақстан-Бразилия» іскерлік комитетінің жұмысына қатысуға шақырды.

Анықтама: «Campo Group» 1978 жылы Бразилияның Серрадо өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетін дамыту мақсатында құрылған болатын. 40 жыл бойы компания ұлттық және халықаралық деңгейде танымал болды, тұрақты тропикалық ауыл шаруашылығы секторындағы әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпал етті.