Оңтүстік Америка Қазақстанға қызығушылық танытып отыр

Оңтүстік Америка Қазақстанға қызығушылық танытып отыр

Бразилиа, 2022 жылғы 18 ақпан – Оңтүстік Америка өңірі үшін Қазақстанның инвестициялық және сауда мүмкіндіктерін таныстыру және ынтымақтастық жолдарын талқылау мақсатында Аргентина, Чили, Боливия, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай және Эквадор дипломатиялық миссиялары басшыларының, сондай-ақ Бразилия Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің қатысуымен Дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов жиналғандарды Қазақстанның қазіргі дамуымен және өңір елдерімен өзара іс-қимылдың перспективаларымен таныстырды. Қазақстандық дипломат Қазақстан мен Оңтүстік Америка елдері арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, әсіресе тау-кен өндіру өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен және сауда саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қолда бар үлкен әлеуетті атап өтті.

Кездесу барысында оңтүстік америкалық дипломаттарға Қазақстанның сауда-экономикалық, транзиттік-көлік және инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ қазақстандық экспорттың мүмкіндіктері егжей-тегжейлі таныстырылды. «Kazakh Invest» ҰК өкілі Ғалымжан Матаев инвестициялық саясаттың басымдықтары, инвестициялық климатты жақсарту бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар және әлеуетті инвесторлар үшін қолдаудың жаңа құралдары туралы айтып берді.

Кездесудің күн тәртібінде сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және академиялық алмасуды кеңейту мәселелері тұрды. Атап айтқанда, қазақстандық мамандарды Оңтүстік Америка өңіріне кәсіби бейімдеумен және португал және испан тілдерін білумен оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Екі ел арасындағы табысты мәдени ынтымақтастықтың мысалы ретінде Қазақстан Республикасының Елшісі Болат Нүсіпов Аргентинаның Росарио қаласында Абай көшесі мен Қазақстан Республикасы алаңының таяуда ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан өңірлері мен Оңтүстік Америка елдері арасындағы бауырластық байланыстарды дамыту қажеттілігі атап өтілді. Жақсы мысалдар ретінде Алматы-Росарио қалаларының, сондай-ақ Қазақстанның Қарағанды облысымен Бразилияның Байя штатының бауырластығы аталды.

Өз кезегінде, Оңтүстік Америка елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары біздің елге үлкен қызығушылық танытты. Қазақстанның әлеуетін жоғары бағалай отырып, дипломаттар біздің елмен белсенді өзара іс-қимыл жасауға дайындығын растады, сондай-ақ осы бағытта жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.