Қазақстан Бразилиямен мәдениет саласындағы қатынастардың дамуын жоғары бағалайды

Қазақстан Бразилиямен мәдениет саласындағы қатынастардың дамуын жоғары бағалайды

Бразилиа, 2021 жылғы 16 маусым  - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткізілген бейнеконференция барысында Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов экс-сенатор Кристовам Буаркеге қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың 175 жылдығын мерекелеуге қосқан үлесі үшін, сондай-ақ профессор Андре Леклерке әйгілі философ Абу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған семинар ұйымдастыруға көмектескені үшін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтота Райымқұлованың алғыс хаттарын жеткізді.

Виртуалды кездесу барысында Елші сұхбаттасушыларға Қазақстанның бастамаларын қолдағаны, қазақ мәдениеті мен тарихына қызығушылығы және ынтымақтастық үшін алғыс айтты. Дипломат олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде, қонақтар қазақстандық авторлардың шығармашылығы мен қазақ халқының философиясына тамсанғанын атап өтіп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға және екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.