Қазақстан мен Бразилия астаналарының ынтымақтастығы нығаюда

Қазақстан мен Бразилия астаналарының ынтымақтастығы нығаюда

Бразилиа, 2021 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіпов Бразилия Федералдық округінің Вице-губернаторы Маркус Винисиус Бритто Альбукерке Диаспен онлайн форматта кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі сұхбаттасын Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылындағы негізгі жетістіктерімен және елімізде жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырды, сондай-ақ екі мемлекеттің астаналарын ұқсас тарих біріктіретінін атап өтті (Бразилия астанасы Рио-де-Жанейродан, ал Қазақстанның астанасы Алматыдан көшірілді).

Сондай-ақ, тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін, әсіресе Нұр-сұлтан және Бразилия қалалар арасындағы бауырластық туралы келісімге қол қою ниетін талқылады.

Қазақстан Елшісі Федералды округ басшылығына екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту үшін Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесін құру жоспарланып отырғанын хабарлап, Бразилия астанасындағы компанияларды жаңа институттың құрамына кіруге шақырды.

Өз кезегінде вице-Губернатор Қазақстанның жаңа астанасының әсерлі дамуына жоғары баға беріп, сауда-экономикалық, мәдени және ғылыми-білім беру салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендігін айтты.