Жоғарғы Сот дипкорпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін брифинг өткізді

Жоғарғы Сот дипкорпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері үшін брифинг өткізді

Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің кезекті отырысы форматымен ғана емес, ауқымдылығымен де ерекшеленді. Оның жұмысына Халықаралық кеңестің мүшелері, соның ішінде Жоғарғы Соттың алқа төрағалары мен судьялары, Департамент пен Сот төрелігі академиясының, сондай-ақ дипломатиялық корпустың басшылығы қатысты.

Дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың 100-ден астам өкілі іс-шараға онлайн режимде, 30-ға жуығы Жоғарғы Соттың конференц-залында қатысты.

Халықаралық кеңес отырысының бірінші бөлігін Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин жүргізді. Ол дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың басшыларына арналған брифингтің форматы туралы хабарлады.

Жақып Асанов меймандарға арнаған кіріспе сөзінде өзгерістер туралы айта келе, саладағы түйткілді мәселелерді жоққа шығармайтынын, оларды шешудің алгоритмі туралы айтып берді.

Құқықтық реформалар жөніндегі тәуелсіз сарапшы Назгүл Ерғалиева «Қазақстанның сот төрелігі: ахуалы, үрдістері, келешегі» тақырыбында  баяндама жасады. Адам құқықтарын қорғау саласында білімі мен тәжірибеге ие маман басқа да отандық сарапшылармен қатар реформалық шешімдерді тұжырымдауға және іске асыруға қатысты.

Спикер презентациясын соттардың негізгі жеті кемшілігінен бастады. Атап айтқанда, атқарушы билікке және сот төрағаларына тәуелділік, кәсіби біліксіздік, сыбайлас жемқорлық, айыптау үкімдерінің көптігі, мемлекеттік органдарға берілетін басымдық, сапасыз сот актілері мен қызмет көрсетудің жеткіліксіз деңгейі. Н.Ерғалиева олардың әрқайсысын шешу бойынша қабылданған шаралар мен қол жеткен нәтижелер туралы әңгімелеп берді.

Сот статистикасының деректері бойынша ақтау үкімдерінің саны 2015-2017 жылдары 397-ден 2018-2020 жылдары 861-ге дейін, яғни екі есе өскені атап көрсетілді. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша 2015 жылы 12 ақтау үкімі шығарылса, 2019 жылы – 210, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 105-ке жетті.

«Жаңашылдықтардың нәтижесінде Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. «Сот жүйесінің тәуелсіздігі» жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 2017-2019 жылдары отандық соттардың көрсеткіштері жақсарып, 79-шы орыннан 71-ші орынға тұрақтады. Ал «Азаматтық сот төрелігі» құқық үстемдігі индексі бойынша 50-ден 40-орынға, «Қылмыстық сот төрелігі» бойынша 70-тен 58-орынға, «Doing business» рейтингісінің «Келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету» көрсеткіші бойынша позициямыз 9-дан 4-ші орынға жақсарды», - деді ол.

Баяндама барысында 2020 жылы тәуелсіз әлеуметтанушылар жүргізген сотқа сенімі мен азаматтардың сот қызметінің жұмысына қанағаттанушылық деңгейін анықтау туралы отандық сауалнамалардың нәтижесін баяндады.

«Жұртшылықтың 53%-ы ғана соттарға сенеді, ал соттар қызметін пайдаланушылардың 67%-ы өздерінің сот процесіне қатысу тәжірибесін бес ұпайлық шкала бойынша 4-ке және 5-ке бағалады. Бұл құбылыс басқа да елдерге тән. Бұл қоғамдық пікірдің бірден өзгере қоймайтынын білдіреді», - деді спикер.

Н.Ерғалиева сот процесінің жарыспалылығы, сот төрелігін цифрландыру, сот практикасының біркелкілігі, азаматтық процестің тиімділігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан 5 негізгі шараны атап өтті. Спикер сөз соңында реформалардың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсынымдарын ортаға салды:

1) өзгерістердің төменнен жоғары қарай ықпал етуі үшін жергілікті соттарда судьялық көшбасшылықты дамыту қажет;

2) жоғары білікті, ешкімнің ықпалынсыз өз ойын басшылыққа алып, шешім қабылдайтын тәуелсіз судьялардың жаңа буынын қалыптастыру үшін жоғары сапалы судьялық білім беруге назар аудару қажет;

3) келешектегі реформаларға дәлелдеме тұрғысынан негіз болуы үшін қазір іске асып жатқан реформалардың сот жүйесіне және қоғамға әсерін бағалау мақсатында тәуелсіз көп бейінді сарапшылар тобын тарту қажет.

Шараның бірінші бөлімін Жоғарғы Сот Төрағасы қорытындылады. Спикер Мемлекет басшысы тарапынан сот төрелігін жаңғыртуға айрықша назар аударылып отырғандығын мәлімдеді. Қ.К.Тоқаев сайлауалды бағдарламасынан бастап, кейіннен өз Жолдауында, судьялардың VIII съезінде, сот жүйесін жаңғырту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөздерінде судьялар корпусының стратегиялық міндеті қоғам сенімін арттыру болып табылатындығын атап өтті. Дәл осы бағытта Президенттің жетекшілігімен Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде.

«Барлық елде сот реформалары жүргізілуде. Мұндай тұрақты процестен біз де тыс қала алмаймыз. Біздің соттарымыз бен судьяларымыз сот төрелігін мінсіз жүзеге асыруда деп айта алмаймыз. Көптеген юрисдикциялардағы сияқты бізде де бірқатар түйткілді мәселелер бар. Реформа дәл осы мәселелерді шешуге бағытталып отыр», - деді ол. Осы орайда сот төрелігінің әлемдік деңгейіне сай келетін құқықтық іргетастың негізі қаланғаны аталып өтілді.

Ж.Асанов жекелеген судьялардың ойлау парадигмасымен қатар, кейбір заңдарды жетілдіру қажеттігін жоққа шығармады. Дипломаттарға қарата сөйлеген сөзінде ол реформаның қызу жүріп жатқанын атап өтті.

Жиынның екінші бөлігінде Ж.Асанов Халықаралық кеңестің жаңа мүшесі, Назарбаев университетінің профессоры Гэвин Слейдті таныстырып, іс-шараға Ұлыбритания Корольдігінің адвокаты Хавар Курешидің мейман ретінде қатыстып отырғандығын хабарлады.

Жоғарғы Сот Төрағасы соттардың пандемия кезіндегі жұмысы туралы да қысқаша ақпарат берді. Онлайн-процестерге заңнамалық дайындық жасау және IT-сервистердің қуатын арттыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Төтенше жағдайға дейін күніге 150 сот отырысы онлайн өтсе, қазіргі таңда күніге 4,5 мың отырыс (96%) өтуде. Дауларды соттан тыс шешудің мүмкіндігі туралы түсіндірмелер талап арыздар мен сот даулары санының шамадан тыс артпауына, жаппай банкроттыққа ұшырамауға мүмкіндік берді.

Бірінші мәселе бойынша сөз сөйлеген «Dentons» компаниясының Қазақстан мен Орта Азия бойынша басқарушы серіктесі Айгүл Кенжебаева сотта өкілдікті реттеу проблемаларын шешу қажеттігін, атап айтқанда, кәсіби құқықтарды теріс пайдалану, заң фирмалары мәртебесінің жоқтығы, мүдделер қақтығысы мен заң саласын реттеу туралы ойларымен бөлісті. Ол заңнаманы жетілдіру және кәсіби өкілдік институтын реформалау бойынша жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды. Қазақстан халықаралық арбитражының төрағасы Майдан Сүлейменов аталған институттың басқа елдердегі ерекшелігі туралы ойымен бөлісті.

Келесі баяндамаға көшпес бұрын Ж.Асанов сотты құрметтемеушілік үшін заңда көзделген жауапкершілік шарасы қазіргі ахуалға және сын-тегеуріндерге сай келе ме деген сұрақты ортаға салды. Оған Ресей Сот төрелігі университетінің доценті Оксана Качалова жауап бере келе, сот төрелігін дау-жанжалға айналдырудың түрлі себептері бар екендігін және олардың әрдайым елдегі сот төрелігінің шынайы ахуалымен сәкес келе бермейтінін атап өтті. Мәселен, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот жыл сайын Ұлыбританияға қарсы 300 шағымның шамамен 5-еуін ғана қанағаттандырады. Спикер «Соттар негізсіз ақпарат шабуылдардан қорғануы тиіс, ал судьяларға ұстамдылықты сақтау міндеті жүктелген. Бұл олардың сынға жауап беруіне кедергі болып отыр» деп атап өтті.

«Сотқа құрмет көрсетпейінше, шынайы сот тәуелсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Сот төрелігіне деген ашық қысымға қарсы тиісті жауаптың болмауы құқық тәртібі үшін жағымсыз салдарларға алып келеді», - деп есептейді ол. Сонымен қатар, Ресейде сот төрелігін жанжалға айналдырғаны үшін жеке-дара жауапкершілікті енгізу жолдары талқыланып жатқаны аталып өтілді.

Таллин округтік сотының судьясы Павел Гончаров пен «ҚазБар» палатасының төрағасы Жұмагелді Елубаев сотты құрметтемеушілік бойынша құқық қолдану практикасы туралы ойын ортаға салды.

Отырыс қызу әрі сындарлы пікірталас жағдайында өтті. Оның қорытындысы бойынша ұсынымдар Жоғарғы Соттың сайтында жарияланып, іске асыру үшін тиісті құрылымдарға жолданатын болады.

Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі

https://sud.gov.kz/kaz/news/zhogargy-sot-dipkorpus-pen-halykaralyk-uyymdardyn-okilderi-ushin-brifing-otkizdi