
Бразилиа, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі «Бразилия – Қазақстан» достық форумымен бірлесе «Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен инвестициялық тартымдылығының факторы ретіндегі Конституциялық және институционалдық реформалар» атты тақырыптық конференция ұйымдастырды.
Іс-шара Бразилия университетінің (UnB) жанындағы «Memorial Darcy Ribeiro» орталығында «Қазақстан – Бразилия» достық форумы отырысының кезекті жиыны форматында өтіп, оған Бразилия астанасының қоғамдық-саяси және сарапшылық топтарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов өзінің алғы сөзінде қатысушыларды Қазақстандағы саяси трансформацияның негізгі бағыттарымен, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасымен және Құрылтайдың өкілеттіктерімен таныстырып, сондай-ақ Астанада өтетін алдағы халықаралық іс-шаралар жайында хабардар етті.
Бразилия тарапынан негізгі баяндамашылар қатарында бірқатар танымал қоғам қайраткерлері, экономистер және жергілікті журналистер болды.
Атап айтқанда, «Қазақстан – Бразилия» достық форумының президенті, бұрынғы сенатор Улиссес Ридель өз сөзінде Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық және ауқымды саяси реформаларға жоғары баға беріп, Қазақстан халқына реформаларды іске асыруда табыс және жаңа Құрылтайдың одан әрі жемісті жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Бразилиялық саясаткер 2026 жылғы 7 қазанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XXIV отырысына ерекше мән берді.
«Бразилия – Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Касьяно Виана мемлекеттік басқару саласында жүзеге асырылып жатқан реформалар мен жаңа Парламенттің қызметі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының артуына және елдің әлемдік қоғамдастықпен сауда-экономикалық байланыстарының кеңеюіне елеулі серпін беретінін атап өтті.
«Демократия мониторингі» институтының президенті, белгілі сарапшы Марсио Коимбра Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар үдерісіне жан-жақты тоқталып, демократиялық институттарды дамыту және сайлау үдерісін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бразилиялық «Diplomacia Business» ақпарат агенттігінің бас редакторы Эльна Соуза биылғы 29-31 шілде аралығында Астанада өткен «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турниріне қатысуынан алған әсерімен бөлісті. Бразилиялық журналист Қазақстанда туризмді дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтті.
Жергілікті «Brasília in Foco» бұқаралық ақпарат құралының журналисті Габриэль Скорзин өз кезегінде 2026 жылғы 23 тамызда Астанаға жасаған сапары барысында Құрылтай депутаттарын сайлауды ақпараттық жариялау тәжірибесі жөнінде баяндады. Журналист Қазақстандағы сайлау үдерісінің дайындалуы мен өткізілуіне жоғары баға берді.
Жалпы, кездесу барысында бразилиялық қатысушылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мен елдің саяси жүйесіндегі өзгерістерге үлкен қызығушылық танытты. Іс-шара соңында қатысушыларды қызықтырған мәселелер, сондай-ақ Қазақстан-Бразилия екіжақты ынтымақтастығының жекелеген аспектілері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Сонымен қатар, кездесу қатысушылары Достық форумының 2027 жылға арналған жұмыс жоспарларын талқылады.