Бразилияда Ұлы Абайдың рухына тағзым етілді

Бразилияда Ұлы Абайдың рухына тағзым етілді

Рио-де-Жанейро, 2026 жылғы 7 тамыз – Ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшілігі «Қазақстан–Бразилия» достық форумымен бірлесіп, Леблон саябағындағы ақын ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімін ұйымдастырды.

Іс-шараға Рио-де-Жанейро қаласы муниципалдық билігінің өкілдері, өңірдің қоғамдық-саяси және зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ «Қазақстан–Бразилия» достық форумының мүшелері қатысты.Аталған айтулы күн және Қазақстан мен Бразилия арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 33 жыл толуына орай Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов екіжақты қатынастарды нығайтуға және кеңейтуге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар бразилиялық достарға Елшіліктің алғыс грамоталарын табыстады.

Атап айтқанда, «Қазақстан–Бразилия» достық форумының атқарушы хатшысы, әдебиеттанушы, аудармашы әрі Абайдың «Қара сөздерін» португал тіліне аударып, редакциялаған профессор Эдельсио Америкоға, Абай сөздеріне жазылған алғашқы бразилиялық операның авторы, танымал бразилиялық жазушы, публицист, композитор және қоғам қайраткері Луис Карлос Престес Жуниорға, Абайға арналған бразилиялық операны алғаш орындаған белгілі опералық сопрано Жулия Феликске, сондай-ақ Бразилия Ұлттық конгресінің бұрынғы депутаты, кәсіпкер, қоғам қайраткері және Қазақстанның Рио-де-Жанейродағы бұрынғы Құрметті консулы Алоизио Мария Тешейраға алғыс грамоталары табысталды.

Анықтамалық: «Қазақстан–Бразилия» достық форумы 2022 жылы құрылған. Оның құрамына бұрынғы саясаткерлер, кәсіпкерлер, заңгерлер, Бразилияның қоғамдық-саяси қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. 2023 жылы Рио-де-Жанейро қаласының Леблон ауданындағы қалалық саябақта Абай Құнанбайұлының ескерткішін салтанатты түрде ашу рәсімі өтті. 2025 жылы «Бразилиядағы қазақ кітапханасы» жобасы аясында Абайдың «Қара сөздері» португал тілінде қайта басылып, таныстырылды.