
Бразилиа, 2026 жылғы 7 шілде - Бразилия муниципалитеттері ұлттық конфедерациясының (CNM) шақыруымен Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов құрметті қонақ ретінде Бразилия өңірлерінің жыл сайынғы отырысына қатысты.
Өз сөзінде Елші Болат Нүсіпов Қазақстан мен Бразилия арасындағы қарым-қатынастардың негізгі кезеңдері, бірлескен өзекті жобалар, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының басым бағыттары және Бразилияның федеративтік мемлекеттік құрылымына байланысты өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы туралы баяндады.
Осы тұрғыда екі елдің өңірлері арасында тікелей серіктестік байланыстардың орнатылғанына назар аударды: Баия штаты мен Қарағанды облысы (2022 ж.), Риу-Гранди-ду-Сул штаты мен Алматы облысы (2024 ж.), Санта-Катарина штаты мен Шығыс Қазақстан облысы (2025 ж.). Аталған серіктестіктер екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуде маңызды рөл атқарады.
Қазақстан Елшісі форум қатысушыларын елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы, соның ішінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі, бір палаталы Құрылтайға алдағы сайлау және «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрамын қалыптастыру жөнінде хабардар етті. Бұл үдерістер елдің саяси дамуындағы маңызды кезең болып, негізгі мемлекеттік институттарды кешенді жаңғыртудың аяқталғанын білдіретіні атап өтілді.
Іс-шара барысында Болат Нүсіпов CNM Президенті Паулу Зиулковскиге табысты әрі достық ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, Қазақстан-Бразилия екіжақты қатынастарын нығайту мен кеңейтуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Елшілігінің Алғыс грамотасын табыс етті.
Анықтамалық: Ұлттық муниципалитеттер конфедерациясы (Confederação Nacional de Municípios – CNM) – Латын Америкасындағы ең ірі тәуелсіз коммерциялық емес ұйымдардың бірі. Ол Бразилиядағы 5,1 мыңнан астам муниципалитеттің мүдделерін қорғайды. 1980 жылы құрылған, штаб-пәтері ел астанасында орналасқан ұйым жергілікті өзін-өзі басқару органдарының федералдық үкімет, парламент және халықаралық институттар алдындағы негізгі өкілі болып табылады.