Қазақстан-Бразилия ынтымақтастығын дамыту туралы

Қазақстан-Бразилия ынтымақтастығын дамыту туралы

Бразилиа, 2026 жылғы 2 шілде - Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіповтің Бразилия Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасары, Елші Сюзан Клибанкпен кездесуі өтті.

Тараптар, кездесу барысында ү.ж. 11 мамырда Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейраның Астанаға жасаған ресми сапарының қорытындыларын жоғары бағалап, оның нәтижелері бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады. Қазақстан мен Бразилия арасындағы саяси диалогты одан әрі нығайту және екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан Елшісі сұхбаттасын елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар туралы, соның ішінде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі, бір палаталы Құрылтайға алдағы сайлау және «Қазақстан Халық Кеңесі» құрамын қалыптастыру жөнінде хабардар етті. Бұл үдерістер еліміздің саяси дамуындағы маңызды кезең болып, негізгі мемлекеттік институттарды кешенді жаңғырту үдерісінің аяқталғанын білдіретіні атап өтілді.

Елші Сюзан Клибанк, орайлы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақстандық дипломаттарды кәсіби мереке - Қазақстан Республикасы Дипломатиялық қызметі күнімен құттықтап, Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі нығайту жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Елші Болат Нүсіпов кездесу соңында Елші Сюзан Клибанкке сындарлы әрі достық сипаттағы ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, Қазақстан-Бразилия екіжақты қатынастарын нығайту мен кеңейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Елшіліктің Алғыс грамотасын табыс етті.