Бразилиа, 2026 жылғы 30 маусым - Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшілігінде Төтенше және Өкілетті Елші Болат Нүсіповтың Бразилия Федералдық округінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Хатшысы (министрі) Пако Бриттомен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Федералдық округ үкіметі арасындағы екіжақты сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты, әсіресе ауыл шаруашылығы, мемлекеттік басқару және білім беру салаларында кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Елшісі Федералдық округ үкіметіне 2023 жылы Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Бразилиа қаласының Федералдық университеті арасында серіктестік байланыстардың орнатылуына көрсеткен достық қолдауы үшін, сондай-ақ «Бразилиядағы Қазақ кітапханасы» жобасы аясында Федералдық округтің Ұлттық кітапханасында қазақ авторлары кітаптарының жыл сайынғы таныстырылымын ұйымдастырудағы тығыз ынтымақтастығы үшін және 2025 жылы Бразилия астанасының Ботаникалық бағындағы «Халықтар аллеясына» отырғызылған Алматы апорты алма ағаштарына ұқыпты күтім жасағаны үшін алғыс білдірді.
Тараптар Қазақстан Елшілігі мен Федералдық округ Үкіметі арасындағы өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша белсенді әрі достық диалогты жалғастыруға келісті. Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов кездесу соңында Пако Бриттоға табысты әрі достық ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, Қазақстан-Бразилия екіжақты қатынастарын нығайтуға және кеңейтуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Елшілігінің Алғыс грамотасын табыс етті.
Анықтама: Федералдық округ – Бразилияның астанасы Бразилиа қаласын қамтитын ерекше әкімшілік бірлік. Федералдық округ экономикасы елдегі барлық штаттардың ішінде көлемі жағынан сегізінші орында және жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша көш бастап, бұл көрсеткіш Бразилиядағы орташа деңгейден шамамен 2,4 есе жоғары. Елордада жоғары білім беру жүйесі жақсы дамыған. Сонымен қатар, мұнда Бразилияның негізгі салалық конфедерацияларының штаб-пәтерлері, ғылыми-зерттеу институттары (CNI, CNN, CNM) және ауыл шаруашылығы мен ғарыш саласындағы жетекші ұлттық ғылыми ұйымдар (Embrapa, AEB) орналасқан.