Қазақстан мен Бразилияның білім беру саласындағы ынтымақтастығы кеңеюде

Қазақстан мен Бразилияның білім беру саласындағы ынтымақтастығы кеңеюде

Бразилиа, 2026 жылғы 29 маусым – Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігіне «Americas Model United Nations» (AMUN) конференциясының 26-сессиясының басқарушы директорлары Родриго Карвальо, Франсиско Пессоа және Габриель Шульце келді.

Кездесу барысында негізгі назар 2026 жылғы 30 қазан - 2 қараша аралығында Бразилия университетінің Халықаралық қатынастар институтында (IREL/UnB) өтетін AMUN-ның 26-сессиясына Қазақстан өкілдерінің қатысу мәселелеріне аударылды. Биылғы сессияның тақырыбы - «Латын Америкасы: тоғысатын болмыстар, сақталатын естеліктер және гүлденетін егемендіктер».

Келіссөздердің жеке тармағы ретінде Қазақстан Елшісінің Бразилия университетінің Халықаралық қатынастар институтының студенттеріне Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына арналған дәрісін ұйымдастыру мәселесі қарастырылды. Іс-шараны AMUN-ның 26-сессиясы қарсаңында өткізу жоспарланып отыр. Бұл болашақ дипломаттар мен халықаралық қатынастар саласының мамандарын Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарымен, халықаралық бастамаларымен және Латын Америкасы мемлекеттерімен ынтымақтастықтағы басымдықтарымен таныстыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында тараптар академиялық алмасулардың, жастар дипломатиясының және ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қазақстандық-бразилиялық қатынастарды одан әрі нығайтудағы рөлі жөнінде пікір алмасты. Екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды кеңейтудің, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асырудың және студенттердің халықаралық пікірталас алаңдарына қатысуын ынталандырудың маңыздылығы атап өтілді.

Сұхбаттастар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп, Қазақстан мен Бразилия арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.