Гояс штаты Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуде

Гояс штаты Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуде

Бразилиа, 2026 жылғы 25 маусым – Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде Гояс штатының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Хатшысы (министрі) Джордано Суза бастаған бразилиялық Гояс штаты үкіметтік делегациясымен кездесу өтті.

Тараптар, Гояс штаты мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және аграрлық ғылым салаларындағы ықпалдастықты дамытуға ерекше қызығушылық білдірілді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Гояс штаты арасындағы академиялық және ғылыми-техникалық алмасуды жолға қою, сондай-ақ штат астанасы Гояния қаласында еліміздің Құрметті консулдығын ашу мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.

Қазақстан Елшісі өз кезегінде, сұхбаттасушыға және оның командасына табысты әрі достық ынтымақтастық үшін алғыс білдіріп, қазақстан-бразилиялық екіжақты қатынастарды нығайту мен кеңейтуге қосқан үлестері үшін Елшіліктің алғыс грамоталарын табыс етті.

Анықтамалық: Гояс штаты Бразилия астанасын қоршап орналасқан және халқы шамамен 7 миллион адамды құрайды. Штат экономикасының негізін ауыл шаруашылығы (негізгі бағыты - соя өндіру), сондай-ақ өнеркәсіптік мал шаруашылығы (Бразилиядағы ірі қара мал саны бойынша екінші орында) және ет-сүт өнімдерін өндіру салалары құрайды.