Бразилияда «Орта дәліз» таныстырылды

Бразилияда «Орта дәліз» таныстырылды

Бразилиа, 2026 ж. 24 маусым – «Apex Brasil» Бразилияның экспорт және инвестицияларды ілгерілету жөніндегі агенттігінде «Орта дәліз: Бразилияның Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиямен саудасы үшін Каспий көпірі» тақырыбында арналған дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты: Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ Middle Corridor) таныстыру және Бразилиядан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказға және Оңтүстік Америкаға жүк ағынын арттыру үшін осы сауда бағытын бірлесіп пайдаланудағы ынтымақтастықты ілгерілету болды.

Форумда Бразилияның «Apex Brasil» агенттігінің Президенті Лаудемир Мюллер, Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, Әзербайжанның Бразилиядағы Елшісі Рашaд Нoвруз, Бразилия Сыртқы істер министрлігінің экономикалық істер жөніндегі директоры София Хаушилд және «Бразилия-Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Касиано Виана баяндама жасады.

Қазақстан Елшісі өз сөзінде Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының 85% Қазақстан арқылы «Орта дәлізбен» өтетінін атап өтті. Соңғы жылдары осы бағыт бойынша жүк тасымалының көлемі бес есе, ал 2025 ж. контейнерлік тасымалдар тағы 36% артты.

Сондай-ақ, қазақстандық дипломат бұл тақырып Бразилияның сыртқы істер министрі М.Виейраның ү.ж. 11 мамырда Астанаға ресми сапары кезіндегі келіссөздердің күн тәртібінде болғанын еске салды. Атап айтқанда, Бразилиядан Қазақстанға жүк тасымалын және Қазақстан мен Бразилия арасындағы өзара сауданы 1 млрд. долларға дейін арттыру үшін осы бағытты кеңінен пайдалану мүмкіндігі атап өтілді.

Кездесуде Қазақстан мен Әзербайжанның Бразилиядағы елшіліктерінің қызметкерлері Транскаспий көлік дәлізінің интерактивті таныстырылынын өткізіп, үш ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынаста осы бағытты кеңінен пайдалану бойынша пікір алмасты.

Іс-шара қорытындысы бойынша осы күзде Сан-Паулуда салалық қауымдастықтардың, трансұлттық ұйымдардың және «Орта дәліз» жобасына қатысатын барлық елдер компанияларының қатысуымен көлік және логистика форумын өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Анықтамалық: «ApexBrasil» - бразилиялық тауарлар мен қызметтерді халықаралық нарықтарда ілгерілету және шетелдік инвестицияларды қолдау үшін құрылған ресми бразилиялық үкіметтік ұйым. 2026 ж. 11 мамырда Бразилияның Сыртқы істер министрі М.Вейраның Астанаға ресми сапары барысында «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ мен бразилиялық «ApexBrasil» агенттігі арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.