
Бразилиа, 2026 ж. 22 маусым – Елші Болат Нүсіпов Бразилиядағы Қазақстан елшілігінде Бразилия өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) Вице-президенті, «Бразилия-Қазақстан» Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Жилберто Петримен және «Бразилия-Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Касиано Вианамен кездесті.
Кездесу барысында 2021 ж. «Қазақ өнеркәсіп және экспорт орталығы» АҚ (Qazindustry) және Бразилия өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) тең төрағалығымен құрылған «Бразилия-Қазақстан» Іскерлік кеңесінің бірлескен жоспарлары мен іс-шаралары талқыланды.
Тараптар осы күзде Қонаев қаласында өтетін Іскерлік кеңестің алдағы 4-ші отырысының күн тәртібінің жобасы мен бизнес делегацияларының құрамы туралы келісті. Сондай-ақ, басым экономикалық жобалар мен отырыс барысында қол қойылуы мүмкін құжаттар тізімі талқыланды.
Қазақстан Елшісі өз кезегінде сұхбаттасушыларға табысты және достық ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, оларға» Қазақстан-Бразилия» екіжақты қарым-қатынастарын нығайтуға және кеңейтуге қосқан үлестері үшін Елшіліктің алғыс хаттарын табыс етті.
Анықтамалық: Іскерлік кеңестің ашылу салтанаты және алғашқы отырысы 2021 ж. қарашада Бразилиа қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаровтың Бразилияға сапары кезінде өтті. Екінші отырысы 2023 ж. сәуірде Астанада ІК тең төрағасы Ж.Петри бастаған Бразилия экономикалық делегациясының сапары кезінде өтті. Үшінші отырыс 2024 ж. қазан айында Порту-Алегри қ. (Рио-Гранди-ду-Сул штаты) Қазақстан экономикалық делегациясы мен Алматы облысы әкімдігінің Бразилияға сапары аясында ұйымдастырылды.