11 мамыр, Астана - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ресми сапармен Астанаға келген Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен келіссөздер өткізді.
Тараптар қазақстан-бразилиялық қатынастарды одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растап, саяси диалогтың жүйелі дамуын және түрлі деңгейлердегі байланыстардың кеңеюін атап өтті.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өзара тауар айналымын ұлғайту, жеткізілімдер номенклатурасын кеңейту және екі елдің іскер топтары арасындағы ықпалдастықты жандандыру, оның ішінде Іскерлік кеңестің кезекті отырысын өткізу мәселелері қаралды.
Аграрлық саладағы ынтымақтастықтың келешегі жеке талқыланып, соның ішінде бразилиялық салалық құрылымдардың қатысуымен бірлескен жобаларды дамыту және Қазақстанның ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізу мәселелерімен қамтылды.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық алаңдарда, оның ішінде БҰҰ аясында күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтіп, жаһандық күн тәртіптегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әріптестікке қосымша серпін беруге және ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға ниет білдірді.