Қазақстан мен Бразилия мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Бразилия мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Бразилиа қ., 2026 жылғы 6 мамыр – Бразилия тарапының шақыруымен Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилияның Ауыл шаруашылығы министрлігіне барып, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Луис Руамен кездесу өткізді. Тараптар, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бастаған қазақстандық аграрлық делегациясы сапарының қорытындылары мен сапар барысында Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторының 14 компаниясы таныстырылғанын оң бағалады.

Тараптар, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бразилияның Ауыл, мал шаруашылығы және азық-түлікпен қамтамасыз ету министрлігі арасындағы мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның кейбір тұстарын талқылады.

Аталған құжатқа Бразилияның Сыртқы істер министрі Мауро Виейраның ү.ж. 11 мамырда Астанаға жоспарланған сапары барысында екі елдің іскер топтарының қатысуымен өтетін «Қазақстан – Бразилия» дөңгелек үстелі аясында қол қою жоспарлануда.

Бұл іс-шараға қатысу үшін Астанаға Бразилияның Ауыл шаруашылығы Хатшының орынбасары Аугусто Биллидің баруы күтілуде. Ол қазақстандық тараппен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіп, мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатыспақ.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар, екіжақты аграрлық ынтымақтастықты, мал шаруашылығын мен асыл тұқымды мал өсіруді дамыту, арнайы зертханалар ашу перспективаларын жоғары бағалап, оны кеңейтуге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірліктерін білдірді.