
Буэнос-Айрес қ., 2026 жылғы 4–5 мамыр – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Вице-министрі А.Бердалин бастаған қазақстандық делегация ірі қазақстандық агрокомпаниялар өкілдерімен бірге Аргентинаға сапар жасады.
ҚР-дың Бразилиядағы Елшілігі мен ҚР-дың Аргентинадағы Құрметті консулы С.Делуканың қолдауымен делегация үшін аргентиналық агрокомпаниялармен және мал шаруашылығы саласындағы қауымдастықтармен келіссөздер ұйымдастырылды.
Сапар барысында қазақстандық делегация үш ірі агрокомпанияның басшылығымен кездесулер өткізіп, олардың қожалықтарын аралады, сондай-ақ «Ангус» ірі қара мал тұқымын өсіру және жеткізу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша мазмұнды келіссөздер жүргізді.
Ағымдағы жылдың 5 мамырда ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Аргентина Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Аугустин Родригес, «Ангус» тұқымын өсірушілер қауымдастығының Президенті және алты ірі агрокомпания өкілдерімен бірлескен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында асыл тұқымды мал өсіру, эмбрион жеткізу, тәжірибе алмасу және осы ірі қара мал тұқымының генетикасын дамыту мәселелері талқыланды.
Тараптар, екіжақты аграрлық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын жоғары бағалап, оны дамытуға, оның ішінде бірлескен іс-шаралар мен сапарлар ұйымдастыру арқылы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.