Наурыз мерекесіне орай «тоғызқұмалақ» және шахматтан турнирлер өткізілді

Наурыз мерекесіне орай «тоғызқұмалақ»  және шахматтан турнирлер өткізілді

Бразилиа, 2026 жылғы 18 наурыз - Бразилиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде Наурыз мерекесін атап өту аясында Латын Америкасы Тоғызқұмалақ және Бразилия шахмат федерацияларымен бірлесіп, дәстүрлі қазақтың зияткерлік ойыны - «тоғызқұмалақ» пен шахматтан достық біріншіліктер ұйымдастырылды. Іс-шара зияткерлік спорт түрлері мен Қазақстанның мәдени дәстүрлеріне қызығушылық танытқан қатысушыларды біріктірді.

ҚР-дың Бразилиядағы Елшісі Б.Нүсіпов, Латын Америкасы Тоғызқұмалақ федерациясының Бас хатшысы Герман Гонсалес Жирон және Бразилия шахмат федерациясының өкілі Шерифе Брага алғы сөздер жасады.

Б.Нүсіпов өз сөзінде Наурыз мерекесінің жаңару, келісім мен халықтар достығының символы ретіндегі маңызын атап өтіп, мұндай іс-шараларды өткізудің Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттау және гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ Елші, қазақтың халық ойыны «тоғызқұмалақтың» ерекшеліктері туралы айтып берді.

Тоғызқұмалақ және шахмат федерацияларының өкілдері турнирлерді ұйымдастырғаны үшін Қазақстанның Елшілігіне алғыс білдіріп, Латын Америкасы елдерінің қатысушылары арасында қазақстандық спорт түрлеріне, соның ішінде тоғызқұмалақ зияткерлік ойынына қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Келесі достық тоғызқұмалақ біріншілігін 2027 жылғы наурызда Аргентинадағы Росарио қаласындағы Қазақ мәдени орталығында өткізу ұсынылды.

Бразилияда ұйымдастырылған жарыс жылы әрі достық рухында өтіп, мәдени байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға ықпал етті. Қатысушылар жоғары деңгейдегі шеберліктерін, стратегиялық ойлау қабілеттері мен спорттық рухтарын көрсетті. Тоғызқұмалақ және шахмат біріншіліктерінен кейін қатысушылар мен жеңімпаздарға тиісті сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді