
Сантьяго қ., 2026 жылғы 9 наурыз – Қазақстан Республикасының Бразилиядағы және Чилидегі қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов,Чилидегі Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Андрес Реболледо және «Қазақстан–Чили» достық қоғамының әрі Димаш Құдайбергеннің фан-клубының жетекшісі Кармен Сандовал мен кездесу өткізді.
Елші әңгімелесу барысында Құрметті консул институтының Қазақстаннның мүдделерін ілгерілету, іскерлік байланыстарды нығайту және елдің халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Тараптар ағымдағы жағдай және алдағы қызметтің перспективаларын, шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Чили арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Чили аумағында тұратын Қазақстан азаматтарына консулдық қолдау көрсету мәселелеріне және чилилік серіктестермен ықпалдастықтың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Құрметті консул сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және чилилік компанияларды қазақстандық серіктестермен ынтымақтастыққа тарту бағытындағы жұмысты жандандыруға әзірлігін растады.
«Қазақстан–Чили» достық қоғамының жетекшісімен болған әңгіме барысында жүзеге асырылып жатқан және болашақта іске асырылатын жобалар, соның ішінде бірлескен мәдени іс-шараларды өткізу мәселелері қаралды. Кармен Сандовал көрсетіліп отырған қолдау үшін елбасшылығына және Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігіне ризашылығын білдіріп, Қазақстан-Чили мәдени ынтымақтастығын нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыру ниетін растады.
Кездесу соңында Қазақстан мен Чили арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 33 жыл толуына орай Болат Нүсіпов екіжақты қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін Андрес Реболледо мен Кармен Сандовалға Елшіліктің алғыс хаттарын табыстап, олардың кәсіби әрі жауапты қызметтері үшін ризашылығын білдірді.