
Буэнос-Айрес, 2026 жылғы 6 наурыз – Қазақстанның Бразилиядағы және Аргентинада қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов Аргентинаға жұмыс сапары аясында Аргентина Сыртқы істер министрлігінің халықаралық экономикалық мәселелері жөніндегі директоры Сильвина Мерфи және СІМ-нің саяси директоры, Елші Марсия Леваджимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аргентиналық тарапқа мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін жан-жақты жетілдіруге және институционалдық дамудың жаңа кезеңіне өтуді аяқтауға бағытталған алдағы конституциялық өзгерістер жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызға белгіленгені және аталған референдум барысында ел азаматтары жаңартылған конституциялық үлгі бойынша түпкілікті шешім қабылдайтыны жеке атап өтілді.
Осы тұрғыда тараптар екіжақты күн тәртіптегі міндеттерді іске асыруда қол жеткізілген бірқатар нәтижелерді қанағаттанушылықпен атап өтті. Атап айтқанда, 2024 жылы Аргентина Парламентінде «Қазақстан–Аргентина» парламенттік достық тобының құрылғаны және оның қазақстандық серіктестермен алғашқы бірлескен онлайн-отырысы 2024 жылғы 18 желтоқсанда өткендігі айтылды. Сонымен қатар, 2025 жылы «Қазақстанның Ет одағы» мен «Аргентинаның сиыр етін ілгерілету жөніндегі ұлттық институтының» тең төрағалығымен «Қазақстан–Аргентина» Іскерлік кеңесінің құрылғаны, сондай-ақ 2026 жылы «Қазақстан–Аргентина» сауда-өнеркәсіп палатасының құрылғаны атап өтілді.
Қазақстан Елшісі кездесу соңында аргентиналық тарапты өздеріне қолайлы мерзімде кезекті саяси консультацияларын өткізу үшін Астана қаласына келуге шақыруын растады.