Футбол саласындағы ынтымақтастық

Футбол саласындағы ынтымақтастық

Буэнос-Айрес, 2026 жылғы 5 наурыз – Қазақстанның Бразилиядағы және Аргентинада қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов Аргентинаның Ұлттық футбол қауымдастығының (AFA) шақыруымен Аргентинаның жетекші футбол клубтарының бірі - CARP (Club Atlético River Plate) клубының кеңсесі мен стадионына барды.

Клубтың физикалық дайындық және қоғаммен байланыс жөніндегі атқарушы директоры Сантьяго Давид клубтың қызметі, соның ішінде халықаралық байланыстар мен алмасу бағыттары бойынша таныстырылым жасады. Сонымен қатар, ол Аргентина астанасы тұрғындарының кең ауқымына арналған клуб ұсынатын түрлі спорт үйірмелері мен стадион аумағында орналасқан кампус туралы айтып берді.

Тараптар, келіссөздер барысында Қазақстан мен Аргентинаның ұлттық футбол федерациялары, сондай-ақ екі елдің футбол клубтары арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылады. Аргентина тарапы, жас қазақстандық спортшылар үшін клуб кампусында оқу курстарын ұйымдастыруды және CARP футбол клубының базасында қысқа мерзімді жаттығулар өткізуді ұсынды.

«Ривер Плейт» футбол клубы (Club Atlético River Plate, CARP) -  Аргентинаның ең табысты әрі танымал футбол клубтарының бірі. Ол 1901 жылы Буэнос-Айрес қаласында құрылған. Клуб ел біріншілігін
37 реттен астам жеңіп алып, рекорд орнатқан және Оңтүстік Америкадағы ең ірі стадиондардың бірі - «Мас Монументаль» стадионында (сыйымдылығы – 85 000 адам) өнер көрсетеді.

Әр кезеңде бұл клубта Аргентинаның атақты футболшылары өнер көрсеткен және олардың қатарында Габриэль Батистута (Gabriel Batistuta), Энцо Франческоли (Enzo Francescoli), Норберто Алонсо (Norberto Alonso), Даниэль Пассарелла (Daniel Passarella), Нери Пумпидо (Neri Pumpido), Оскар Руджери (Oscar Ruggeri), Хулиан Альварес (Julián Álvarez), Энцо Фернандес (Enzo Fernández), Маркос Акунья (Marcos Acuña) бар.