
Буэнос-Айрес қ., 2026 жылғы 5 наурыз – Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Аргентинадағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Густаво Гутьериш және Қазақстан мәдени орталығының директоры Ирина Вагнермен кездесу өткізді.
Елші әңгімелесу барысында Құрметті консул институтының Қазақстанның мүдделерін ілгерілету, іскерлік байланыстарды нығайту және елдің халықаралық деңгейдегі оң имиджін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Тараптар, ағымдағы жағдай мен алдағы қызметтің перспективаларын, шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Аргентина арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Аргентина аумағында тұратын Қазақстан азаматтарына консулдық қолдау көрсету мәселелеріне және аргентиналық серіктестермен ықпалдастықтың тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Құрметті консул сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және аргентиналық компанияларды қазақстандық серіктестермен ынтымақтастыққа тарту бағытындағы жұмысты жандандыруға әзірлігін растады.
Қазақстан мәдени орталығының директорымен болған әңгіме барысында жүзеге асырылып жатқан және болашақта іске асырылатын жобалар, соның ішінде бірлескен мәдени іс-шараларды өткізу мәселелері қаралды. Ирина Вагнер ел басшылығына және Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігіне көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, қазақстан-аргентина мәдени ықпалдастығын нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыру ниетін растады.
Кездесу соңында Қазақстан мен Аргентина арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 33 жыл толуына орай, Болат Нүсіпов екіжақты қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін Густаво Гутьериш пен Ирина Вагнерге Елшіліктің алғыс хаттарын табыстап, олардың кәсіби әрі жауапты қызметтері үшін ризашылығын білдірді.