Қазақстанның Оңтүстік Америка елдеріндегі Құрметті консулдарының жыл сайынғы конференциясы

Қазақстанның Оңтүстік Америка елдеріндегі Құрметті консулдарының жыл сайынғы конференциясы

Бразилиа, 2026 жылғы 5 ақпан – Қазақстан Республикасының Елшісі Болат Нүсіпов Оңтүстік Америка елдеріндегі ҚР-дың Құрметті консулдары және Құрметті консул лауазымына үміткерлердің қатысуымен дәстүрлі жыл сайынғы онлайн-конференциясын өткізді.

Елші, өзінің алғы сөзінде қатысушыларды экономиканы жаңғыртуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ел басшылығы жүзеге асырып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізгі бағыттары туралы хабардар етті. Сондай-ақ, Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаға ерекше назар аударылды.

Б.Нүсіпов, Құрметті консулдарды Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жандандыруға, Оңтүстік Америка өңірлерімен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға көрсетілетін қолдауды күшейтуге, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны кеңейту жөнінде ұсыныстар енгізуге шақырды. Бұл ретте, 2026 жылы Қазақстанға, оның ішінде ағымдағы жылғы сәуірде Астанада өтетін GECA-2026 Халықаралық геологиялық форумы, Машина жасаушылар форумы мен Экспорттық сақтандыру форумы аясында сауда-экономикалық бизнес-миссияларды ұйымдастыру ұсынылды.

Инвестициялық ықпалдастық саласында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бразилиялық «WEG» және «Water System Technologies» компанияларының, сондай-ақ чилилік «ME Elecmetal» компаниясының қатысуымен іске асқан табысты жобалар атап өтілді.

Сондай-ақ Елші, өңір елдерінің парламенттерінде достық топтарын құру жөніндегі жұмысты жандандырудың, іскерлік кеңестерді қалыптастырудың және азаматтық қоғам мен қоғамдық ұйымдар деңгейінде достық қоғамдарын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Биыл Оңтүстік Американың бірқатар мемлекеттерімен жоспарланған сыртқы істер министрліктері арасындағы консультацияларға ерекше назар аударылып, олардың аясында бірлескен экономикалық іс-шаралар өткізу ұсынылды.

Осы тұрғыда Қазақстанның Аргентина, Чили және Уругвайдағы Құрметті консулдарының парламенттік достық топтарын құруға жәрдемдесу және екіжақты іскерлік кеңестерді қалыптастыру бастамаларын ілгерілету бағытындағы жұмысы атап өтілді.

ҚР Құрметті консулдары өз сөздерінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бойынша атқарылған жұмыстар туралы хабардар етіп, сондай-ақ 2026 жылға арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттары жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Конференцияға қатысушылар, Оңтүстік Американың көптеген елдерінде Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері болмағандықтан Құрметті консулдардың қызметі екіжақты ықпалдастықты қолдаудың негізгі құралы әрі Қазақстан Республикасының өңір мемлекеттерімен жан-жақты ынтымақтастығын дамытудың маңызды факторы болып табылатыны жөнінде бір ауыздан келісті.