«Қазақстан–Бразилия» Достық форумының жыл сайынғы отырысы және БАҚ үшін брифинг өтті

«Қазақстан–Бразилия» Достық форумының жыл сайынғы отырысы және БАҚ үшін брифинг өтті

Бразилиа, 2025 жылғы 8 желтоқсан – Елші Болат Нүсіпов пен Ұлттық Конгресстің экс-Сенаторы Улиссес Риделдің тең төрағалығымен Қазақстан Елшілігінде гибридті форматта «Қазақстан–Бразилия» Достық форумының жыл сайынғы отырысы мен БАҚ-қа арналған брифинг өткізілді.

Іс-шара 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгірістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі аспектілерге, сондай-ақ ү.ж. қыркүйекте Астанада өткен VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қорытындыларына арналды. Сондай-ақ, тараптар қазақстан-бразилиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, соның ішінде 2026 жылға арналған бірлескен жоспарларды талқылады.

Іс-шара барысында бразилиялық тараптан «Қазақстан-Бразилия» Достық форумының Президенті мен Вице-президенті Улиссес Ридел және Кассиано Перейра Виана, форумның Атқарушы директоры профессор Эдельсио Америко мен Бразилия журналистер қауымдастығының Вице-президенті (ABRAJINTER) Сильвана Скорзин алғысөздерімен баяндама жасады.

Қазақстан Елшісі өз сөзінде Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы аясында ел басшылығы жүргізіп жатқан реформалардың барысымен, Қазақстанның ішкі саясаты мен демократияны дамыту, әлеуметтік-экономикалық және конституциялық реформалар, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектті пайдалану салаларындағы жетістіктерімен қонақтарды таныстырды. Бұдан бөлек, ү.ж. Қазақстан мен Бразилия арасындағы екіжақты қатынастардың дамуының негізгі аспектілері мен оларды 2026 жылы кеңейту жөніндегі жоспарлар да атап өтілді.

«Дінді орнықты дамудың факторы ретінде қарастыру» тақырыбында Теософиялық қауымдастықтың мүшесі, жазушы Освальдо Кондэ (Бразилия) және Аргентинадағы Ахмадия мұсылман қауымының Президенті, Америка мемлекеттері ұйымының (АМҰ) Діни сенім бостандығы мәселелері жөніндегі Комиссары, имам Марван Гилл (Аргентина) баяндамалар жасады. Олар, Оңтүстік Америка елдері атынан VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына қатысқан болатын. Бразилиялық діни қауымдастықтың бастамасымен кездесу қатысушылары «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжатын қабылдады.

Кездесу соңында форумның бразилиялық қатысушылары іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, Қазақстан-Бразилия ынтымақтастығын дамыту ісінде табыс тіледі. 2022 жылы құрылған «Қазақстан–Бразилия» Достық қоғамы (Форум) ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін дәстүрлі түрде жыл басында және жылдың соңында өз кездесулерін өткізеді.