Амазония штатымен сауда-инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Амазония штатымен сауда-инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Манаус қ., 2025 жылғы 20 қараша - Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Амазония штатына жұмыс сапары аясында Амазония Парламентінің вице-спикері Марио Сезар мырзамен кездесті. Кездесу Бразилияның СОР30 климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына төрағалығы аясында штат үкіметінің шақыруымен ұйымдастырылды.

Заң шығарушы Ассамблеяның басшылығымен өткен келіссөздер барысында бразилиялық тарап ұсынған сауда және инвестициялар саласындағы бірқатар жобалар талқыланды. Ауыл шаруашылығы мен тау-кен өндірісі, сондай-ақ орман шаруашылығы мен экология салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Вице-спикер Марио Сезар қазақстандық компанияларды Манаус еркін экономикалық аймағы негізінде ынтымақтастық орнатуға шақырды. Елші Болат Нүсіпов өз кезегінде, штат компанияларын 2021 жылы Бразилияның Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы (CNI) мен Қазақстанның «QazIndustry» индустрия және экспорт орталығы негізінде Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінің бастамасымен құрылған «Қазақстан–Бразилия» іскерлік кеңесінің жұмысына қатысуға шақырды.

Заң шығарушы Ассамблеяның вице-спикері Амазония штатының Қазақстанның ірі орман ресурстары бар өңірлерінің бірімен серіктестік қатынастар орнату бастамасын қолдап, Манаус қаласында еліміздің Құрметті консулы лауазымына өңірдің танымал кәсіпкері Жозе Кардозо Нетто мырзаның кандидатурасын ұсынды. Сонымен қатар, тараптар келер жылы әлеуетті серіктес өңірге баруды қамтитын Амазония штатының Қазақстанға бизнес-миссиясын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізді.

Өңіраралық ынтымақтастық екіжақты ықпалдастықтың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы мен Баия штаты (2022 ж.), Алматы облысы мен Рио-Гранде-ду-Сул штаты (2024 ж.), Шығыс Қазақстан облысы мен Санта-Катарина штаты (2025 ж.) арасында серіктестік байланыстар орнатылған. Бразилияның Амазонас штаты, ел аумағының 18%-дан астамын алып жатқан Бразилиядағы ең үлкен штат. Мұнда тау-кен өнеркәсібі, мал шаруашылығы, ауыл және орман шаруашылығы, сондай-ақ балық шаруашылығы жақсы дамыған.