Қазақстан делегациясы СОР30 саммитінде көміртегі нарығы саласындағы бастамаларын таныстырды

Қазақстан делегациясы СОР30 саммитінде көміртегі нарығы саласындағы бастамаларын таныстырды

Белем қ., 2025 жылғы 14 қараша - БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-шы конференциясы (СОР30) аясында Қазақстан делегациясы «Орталық Азияның көміртегі нарығына арналған цифрлық платформаны қалыптастыру» атты тақырыптық сессияға қатысты. Іс-шараға Қазақстан делегациясын ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев бастап қатысты.         

Сондай-ақ, аталған сессияда «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазахстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қайыржан Қожаев, Д.Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының тау жүйелерін тану бөлімінің меңгерушісі Сейтқали Ғалиев, Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығметов баяндама жасады.

Орталық Азияның өңірлік көміртегі нарығын қалыптастыру үшін бірыңғай цифрлық платформа құру жөніндегі бастаманы таныстыра отырып, Қазақстан делегациясының мүшелері өз баяндамаларында климаттық реттеуді цифрландыру және көміртегі бірліктерін есепке алу саласына инновациялық құралдарды енгізу, өңір елдеріне Париж келісімін іске асырудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ «жасыл» инвестицияларды тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар, олар өңірлік көміртегі нарығына арналған цифрлық платформаны құру, Орталық Азияда бірыңғай климаттық кеңістік қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып саналатынын, өңірдің жаһандық климаттық күн тәртіптегі орнын күшейтетінін және 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі ұлттық мақсаттарға жәрдемдесетінін ерекше атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның аталған бастамасының маңыздылығын атап өтіп, жаһандық климаттық мақсаттар мен тұрақты даму қағидаттарын ескере отырып, ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.

Бұған дейін ү.ж. 6–7 қарашада Белем қаласында өткен СОР30 Көсбасшылар саммитіне Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысқан болатын.