Қазақстан делегациясы COP30 саммитінде жасыл технологиялар саласындағы инвестициялар тақырыбында сөз сөйледі

Қазақстан делегациясы COP30 саммитінде жасыл технологиялар саласындағы инвестициялар тақырыбында  сөз сөйледі

Белем қ., 2025 жылғы 13 қараша – 2025 жылғы 10–21 қараша аралығында Белем қаласында өтіп жатқан БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-шы конференциясы (COP30) аясында «Декарбонизацияға инвестициялар: жасыл технологиялар саласындағы қызмет операторлары, қазақстандық модель және өңірлік перспективалар» атты тақырыптық сессия өтті. Сессия көміртегі шығарындыларын азайту жобаларына инвестиция тарту, жасыл технологиялар саласында ұлттық қызмет операторларын құру және декарбонизация саласындағы өңірлік ынтымақтастықты ілгерілету мәселелеріне арналды.

Қазақстан делегациясын «Жасыл академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина басқарды. Сондай-ақ сессия жұмысына Қазақстанның Даму банкінің стратегия, ESG және үлкен деректерді талдау жөніндегі басқарушы директоры Дина Жаңаділ, IGTIC орталығының технологияларды коммерцияландыру жөніндегі құзыреттер офисінің жетекшісі Айдар Есембаев, сондай-ақ Бразилияның мемлекеттік органдарының, сараптамалық және іскерлік қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында қазақстандық тарап, климатқа төзімді және қуат үнемдейтін жобаларды жүйелі түрде қолдауға бағытталған институционалдық модельді қалыптастырудағы Қазақстан тәжірибесін ұсынды. Сондай-ақ «жасыл» қаржыландыру құралдарын, ESG-инвестицияларын дамыту, халықаралық стандарттарға сәйкес нәтижелерді верификациялау мен мониторингтеу (MRV) жүйесін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Делегация өкілдері «жасыл» энергетика мен энергия тиімділігі саласындағы бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру, тәжірибе мен технологиялық шешімдер алмасуға арналған өңірлік платформа құру, сондай-ақ трансшекаралық климаттық бастамаларды қаржыландыруға халықаралық даму институттарын тарту сияқты бағыттарда серіктестікті кеңейту әлеуетін атап өтті.

Қазақстандық модель, Орталық Азия мен Латын Америкасы елдерінің тақырыптық сессияға қатысушыларының қызығушылығын тудырып, ол өңірлік декарбонизация бағдарламалары аясында бейімдеуге болатын үлгі ретінде қаралды.

Бұған дейін, ү.ж. 6–7 қарашада Белем қаласында өткен COP30 Көшбасшылар саммитінің қатысушы-елдері отырысына Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев қатысқан болатын.