Қазақстанның Белен қаласында өткен климат мәселелері жөніндегі Көшбасшылар саммитіне қатысуы

Қазақстанның Белен қаласында өткен климат мәселелері жөніндегі Көшбасшылар саммитіне қатысуы

Белен қ., 2025 жылғы 7 қараша – Бразилияның төрағалығымен өткен Көшбасшылар саммитінің (СОР30) екінші күні Бразилия басшылығы және шетелдік делегациялар жетекшілерінің қатысуымен «Энергетикалық ауысым» тақырыбындағы салалық сессия өтті.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өз сөзінде еліміздің Үкіметі тарапынан таза энергетикаға көшу мен энергия тиімділігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндап, осы бағыттағы мақсаттарға қол жеткізудегі Қазақстанның берік ұстанымын білдірді. Атап айтқанда, ол ұзақ мерзімді кезеңде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртексіз бейтараптыққа қол жеткізуді көздеп отырғанын атап өтті. Осы мақсатта еліміз «ақылды» желілерді дамытуға, жылу энергетикасын жаңғыртуға, ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге, сондай-ақ көлікті газдандыру мен электрлендіруді кеңейтуге күш салып келеді. Бұл қадамдар, тек шығарындыларды азайтып қана қоймай, энергетикалық жүйенің тиімділігін, сенімділігі мен орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Луис Инасиу Лула да Силва өз кезегінде аталған тақырыптық сессияда сөйлеген сөзінде Бразилияның әлемдік қауымдастықпен бірлесе және жедел әрекет ете отырып, әртүрлі ұлттық жағдайлар мен бастапқы ұстанымдарға сәйкес, ғаламдық орнықты отын түрлерін кем дегенде 2035 жылға қарай 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда төрт есе пайдалануын өсіру тәрізді бірқатар негізгі мақсаттарға қол жеткізу ниетін растады.

Сессия барысында Бразилия, Реттелетін көміртек нарықтары жөніндегі Ашық коалиция құру туралы декларацияны және «4Х» Белен міндеттемесін тұрақты отын түрлері бойынша екі бастаманы таныстырды. Екі бастама да халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу үдерісін жеделдетуге бағытталған.

Аталған іс-шара аясында ҚР-дың делегациясын бастаған Ерлан Нысанбаев, шетелдік делегациялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өткізіп, өзара қызығушылық тудыратын бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, Ерлан Нысанбаев Бразилияның Экология министрі Марина Силвамен кездесуі барысында конференцияға шақырғаны және оны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, бразилиялық әріптесін Астанада өтетін 2026 жылдың сәуірде өтетін Өңірлік климаттық саммитке шақырды.

Көшбасшылар саммитінен кейін, 10-21 қараша аралығында осы Беленде БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-шы конференциясы (СОР30) тікелей өз жұмысын бастайды.