
Сан-Пауло, 2025 жылғы 5 қараша – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев СОР30 көшбасшыларының самитіне қатысу үшін Бразилияға жұмыс сапары аясында және Бразилия тарапының шақырумен құрметті қонақ ретінде «Summit Agenda SP+Verde» конгресіне қатысты.
Іс-шара барысында Ерлан Нысанбаев Экология мәселелері жөніндегі хатшы Наталия Резенде Андраде Авила ханыммен кездесіп, жаңартылмалы энергетика мен экологиялық дизайн саласындағы инновациялық жобалар, қатысушыларға тұрақты даму тұжырымдамасымен танысуға мүмкіндік беретін интерактивті экспозициялар мен танымдық инсталяциялар ұсынылған тақырыптық павильондармен танысты.
Сан-Паулодағы бұл форум, Амазониядағы Белем қаласында өтетін COP30 конференциясы қарсаңында Сан-Пауло қаласының әкімдігі және Сан-Паулу университеті (USP) қатысуымен Сан-Пауло штатының үкіметі ұйымдастырған негізгі іс-шаралардың бірі болып табылады. Конгрестің мақсаты болып, билік, ғылыми орта, жеке сектор мен азаматтық қоғам өкілдерін біріктіре отырып, экологиялық өтпелі кезең мен тұрақты даму жолдарын жеделдетуді талқылау табылады.
Конгресте төрт негізгі бағытқа: «жасыл» қаржы, қалалар орнықтылығы, климаттық әділеттілік пен таза энергетикаға көшуге ерекше назар аударылды. Жалпылама тақырып ретінде табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қалдықтарды азайтудың тетігі саналатын айналымды экономика тақырыбы белгіленді.
Сан-Пауло штаты Бразилияның халқы ең көп шоғырланған және ең өнеркәсіптік дамыған өңірі. Аталған штат ІЖӨ-нің шамамен үштен бірін, яғни шамамен 260 миллиард АҚШ долларын өндіреді. Экономиканың негізгі салаларына машина жасау, автокөлік пен әуе көлігін жасау, қаржы, сауда, тоқыма және азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы егіншілік пен мал шаруашылығы жатады.