
Бразилиа, 2025 жылғы 30 қазан – Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов, Бразилияның Әділет және қоғамдық қауіпсіздік министрі Рикардо Левандовски мырзамен кездесті.
Сұхбат барысында Болат Нүсіпов әңгімелесушіні Мемлекет басшысының 2025 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында елімізде жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырды. Бұл ретте, елдің мемлекеттік тұғыры мен заң үстемдігін нығайтқан конституциялық және құқықтық реформалардың іске асырылуына негізгі назар аударылды.
Сондай-ақ, тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін, соның ішінде құқықтық саладағы ықпалдастықты, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, заңнаманы жетілдіру, адам құқықтарын қорғау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, бразилиялық инвестицияларды Қазақстан экономикасына тарту үшін Қазақстандағы қолайлы инвестициялық заңнама мен еліміздің көлік-логистикалық әлеуетіне жеке назар аударылды.
Қазақстандық дипломат, еліміздің Бразилиямен құқықтық нормаларды жетілдіру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтіп, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Бразилияның Әділет және қоғамдық қауіпсіздік министрлігі арасында тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесуге әзірлігін білдірді. Бұл ретте, Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісімге қол қоюға дайындық жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Министр Рикардо Левандовски өз кезегінде, Қазақстанның сот-құқықтық реформаларды іске асырудағы жетістіктерін жоғары бағалап, цифрлық әділет жүйесі мен экономикалық үдерістерді құқықтық қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе алмасуға мүдделігін танытты.
Тараптар, кездесу қорытындысы бойынша өзара сапарлар ұйымдастыру ықтималдығын қарап, өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыру ниеттерін растады.