Бразилиа, 2025 жылғы 1 қазан – Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Болат Нүсіпов Бразилия халықаралық бизнесті дамыту институтының (IBREI) президенті Маурисио Празакпен кездесті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде пікір алмасылды. Атап айтқанда, тараптар Қазақстаннан химиялық өнімдер мен тыңайтқыштарды жеткізу бойынша ынтымақтастық орнату, сондай-ақ экономикалық институттармен және қазақстандық бизнес қауымдастықпен іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақстанның жаңа экономикалық және инвестициялық саясатын ескере отырып, Елші сұхбаттасушыны Қазақстанның инвестициялық заңнамасының артықшылықтары, сондай-ақ Қазақстанның негізгі өңірлік нарықтарға шығу мүмкіндігі бар көлік-логистикалық және сауда-экономикалық әлеуеті туралы хабардар етті.
Кездесу соңында қазақстандық дипломат байланыс орнатуға қажетті қолғабыс көрсетуге әзірлігін білдіріп, аталған институтты «Қазақстан-Бразилия» Іскерлік кеңесіне қатысуға шақырды. Тараптар байланыстарды сақтауды және өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруды келісті.