Бразилиа, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Бразилиядағы Қазақстан Елшілігінде Елші Болат Нүсіпов Бразилия Ұлттық конгресінің депутаттар тобымен кездесті.
Тараптар, 2024 жылғы қарашада Астанада екі елдің төменгі палаталарында өткен «Қазақстан-Бразилия» парламенттік достық тобының алғашқы отырысының қорытындыларын талқылап, биыл Қазақстанда екінші отырысты өткізу мүмкіндігі жөнінде пікір алмасты.
Елші, әңгімелесушілерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты қыркүйек айындағы Жолдауының негізгі тұстарымен таныстырды. Осы тұрғыда тараптар, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің, IT саласын дамыту бойынша тәжірибе алмасудың, сондай-ақ ғылыми-техникалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, тау-кен өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, мал шаруашылығында және қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірілді.
Әңгіме барысында Б.Нүсіпов қонақтарды Қазақстан делегациясының Белен қаласында өтетін СОР30-ға дайындықтары мен қатысуы жөнінде хабардар етіп, Бразилия тарапының климаттық күн тәртібін БҰҰ, G20, БРИКС және басқа да алаңдарда ілгерілетуін қолдайтынын білдірді.
Кездесу соңында тараптар жұмыс байланыстарын қолдап, парламенттердің төменгі палаталарындағы достық топтарының бірлескен жұмысына қатысты ақпарат алмасып отыруға уағдаласты. Депутаттарға брифинг форматында Қазақстанның қазіргі даму барысы, елдің ішкі, сыртқы, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық саясатының басымдықтары жөнінде таныстырылым жасалды.